Шежірелі Отырар өңірі десе, әрісі адамзат ұстазы Әбу Насыр әл-Фараби, берісі Өзбекәлі Жәнібек, Шәмші Қалдаяқов, Мұхтар Шаханов, Өмірзақ Айтбайұлы, Әселхан Қалыбекова сияқты әр саланың майталманы еске түседі.
Отырардың есімі елге мәлім, еңселі тұлғалары қатарында белгілі ұстаз, ауданның құрметті азаматы Құтым Ордабаев халық есінде ерекше сақталған. Ұстазды аудан ғана емес, облыс қадірлейтін тұлға. Бүгінде қызметі жастарға үлгі болып келеді. Түркістан облысы Отырар ауданы, Шәуілдір ауылына қарасты аудандық мәдениет сарайында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Отырар ауданының құрметті азаматы Құтым Ордабаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған басқосу жиыны ұйымдастырылды. Көпшіліктің қатысуымен «Есімі аңызға айналған ұстаз» атты танымдық конференция өтті. Конференция жұмысына Сағынтай Құттыбай модераторлық етті. Іс-шара барысында ұстаздың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін «Ақталған үміт» атты көркем деректі фильм көрсетілді.
Жиынды Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Ұзақов ашып, құттықтау сөз сөйледі.Аудан басшысы, Құтым Ордабаевтың білім беру саласындағы еңбегін айтып, ұрпақ тәрбиесіндегі үлесін ерекше атап өтті.
-Биыл ұстаз, қоғам қайраткері Құтым Ордабайұлының туғанына – 100 жыл. Елі ұмытпаған ұстаздың ғасырлық белесі. Шындап келгенде, бұл – пәни жалғанда санаулы сағатын аман-есен өткізіп, уақыты жеткенде келместің кемесіне мінген елеусіз көптің белесі емес, тұтас бір дәуірді жасаған ұлағатты ұстаздың, құрылым басшысының, ардақты азаматтың ғасырлық тойы. Сондықтан киелі Отырар өңірінде өшпес із қалдырған Құтым Ордабайұлының атын мәңгілікке аманаттау парызымыз. Сіздерді Отырар ауданының құрметті азаматы Құтым Ордабаевтың туғанына 100 жыл толуымен құттықтаймын,-деді аудан әкімі Қайрат Жолдыбай.

Іс-шарада сенатор Нұрлан Бекназаров заманының заңғар тұлғасы Құтым Ордабаевтың еселі еңбегі мен азаматтық келбеті туралы айтып, Сенат Төрағасының арнайы құттықтау хатын табыстады. Конференция барысында мемлекет және қоғам қайраткері Досыбай Шерімқұлов, белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, қоғам қайраткерлері Серікжан Сейітжанов, Орынбай Рахманбердиев, Болат Жылқышиев, Дархан Мыңбай сынды ел ағалары сөз сөйлеп, Құтым Ордабайұлының өнегелі өмір жолы мен ұстаздық қызметі жайында естеліктер айтты.
Сондай-ақ, конференцияда Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, белгілі заңгер Бекет Тұрғараев, Түркістан облысы ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов, Отырар ауданының Құрметті азаматы Мырзахмет Темірбеков сөз алып, естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында дәстүрлі әндер шырқалып, ұстаздың өмірлік ұстанымы мен рухани мұрасы туралы баяндамалар көпшілік назарына ұсынылды. Құтым Ордабаев – бүкіл саналы ғұмырын Отырар өңірінің оқу-ағарту саласына арнаған, 1959–1987 жылдар аралығында аудандық оқу бөлімін басқарған, «Құрмет белгісі» орденінің, Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасының иегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Отырар ауданының құрметті азаматы. Бар ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнаған Құтым Ордабаев – өңірдегі сан мың шәкіртке өмірлік жол көрсетіп, ағалық қамқорлығын аямаған жан. Бүгіндері солардың дені – ел ағасы. Олар ұстазын үнемі мақтанышпен, сағынышпен еске алады.
Айта кетейік, Құтым Ордабаев — ағартушы. 1939 жылы Отырар орталау мектебін бітірген. 1941 жылы Түркістан педагогикалық училищесін томамдаған. Еңбек жолын сол жылы Отырар орталау мектебінде бастауыш сынып мүғалімі болып бастаған. 1957—58 ж. М.Әуезов атындағы орта мектептің директоры болған. 1987 жылға дейін аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Ордабаев аталмыш кызметте жүрген кезде аудандық білім саласы, 2 рет Бүкілодақтық, 4 рет Республикалық, бірнеше рет облыстык социалистік жарыстың жеңімпазы атанған. 1987 жыл¬дан аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Отырар ауданының «Құрметті азаматы». Конференция соңында Құтым Ордабаевтың ұлы, қоғам қайраткері Бақытжан Ордабаев қорытынды сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға ризашылығын білдірді.


