Жұрттың бәрі Қазақстанда атом электр станциясын салу керек па? жоқ па? дегенді сөз етіп жүр. Кейбіреулер ядролық жарылыстармен атом электр станциясы деген ұғымды шатастырып алған, қорқынышы да жоқ емес.
Мен өзім Тараз қаласындағы Дулати атындағы университетке грантпен түсіп, екі жылдан соң техникалық білімнің ұстаханасы Санкт-Петербургтегі Плеханов атындағы Тау-кен институтын—техникалық университетті Ресейдің алғашқы техникалық жоғары оқу орнында бітіргенмін. Мен осы университеттің сол жылғы тау кен факультетін бітірген жалғыз қазақ жігіті болдым.Техника ғылымдарының кандидатымын. Мұнай өнімдерінің парафинін азайту жөнінде ғылыми еңбегім жоғары бағаланды. АҚШ-та, Ұлыбританияда, Сеулде білімімді жетілдірдім. Елімізде техникалық кадрлардың жетіспейтінін көзіммен көріп жүргендіктен алған білімімді кадр дайындауға жұмсадым. Ата-анам таңдауымды қолдады.Қазір Шымкенттегі М.Әуезов атындағы жоғары оқу орнында студенттерге үш тілде дәріс беремін. Көптеген статьяларым, әдістемелік оқулықтарым үш тілде жарық көрген. Алатын жалақыға алақаным толмаса да Мемлекет басшысының қазақ технарлары керек деген сөздерін естіп қанаттанып қаламын. Өзге елдің шақырғанына бармай өз еліме оралып ақша соңынан қуып кетпей, кадр дайындау ісіне атсалысатын азаматтар көбірек болса деп ойға кетемін.Еңбек адамын бағалау керек деп жатады,дұрыс біз сияқты студенттермен жұмыс жасап білімді бойға сіңдіретін мамандардың да орны бөлек, оны мен өзімді шақырған шетел компанияларының ұсынған жалақыларынан сеземін. Ақша ешқашан артық етпейді, ақша күнкөріс құралы ретінде өміршең бола береді,оған дау жоқ. Елімізде қаншама тепсе темір үзетіндей жастар жұмыссыз.,оған олар кінәлі емес. Қазіргі жұмыспен қамтудыңуақытша бағдарламалары мәселені түбегейлі шешпейді.,бізге тұрақты жұмыс орны керек,ол үшін өндіріс ашу керек. Ары қарай өндіріс ашып алып тез арада бәсекеге төтеп бере алмай жабылып қалғаны қаншама?! Бәсекеге төтеп бере алу үшін тауардың бағасы төмен болу қажет,қайдан төмен болсын электр энергиясын сырттан тасымалдаймыз бұл бағаның күрт өсуіне бірден әсер етіп жатады.Ал, тау-кен өндірісі мүлдем электр қуатынсыз жұмыс жасай алмайтын,үздіксіз,тұрақты энергия қажет ететін сала.Дамыған елдердің бәрінде атом электр станциялары жұмыс жасайды,одан қорқып-үркіп отырған халықты естімедім де көрмедім де.
Атом электр станциясы –атом ядросының энергиясын электр энергиясына айналдыратын станция. Ядролық реакторда ядролық отын орналасады. Заманауи реакторда бөлінген жылу бу атом электр станциялары жұмыс жасайды. Ядролық отын ретінде уран изотоптары пайдаланылады. Қазіргі уақытта турбинасыз электр тогын алу жолдары да зерттелуде. Дәл осы атом электр станциялары электр энергияға деген қажетілікті түбегейлі өтейтін болады.
Біріншіден атом электр стациялары электр энергиясын тұрақты,үздіксіз өндіреді, электр қуаты өшу қаупі жоқ. Екіншіден атом электр станциялары ең үлкен көлемде электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Үшіншіден ауаның ластануына келсек,көмір және газға қарағанда, атом электр станциялары жұмыс жасағанда күкірт, азот оксидтері сияқты зиянды заттардың шығарындылары анағұрлым төмен.
Төртіншіден атом электр станциясы бар елдер энергетикалық тәуелсіздікке ие бола отырып ғылыми зерттеулер мен инновациялардың дамуына жол ашып, жаңа өндірістер ашылып жұмыссыздықтың азаюына оңды әсер етеді.
Атом электр станцияларының пайда болу тарихына келсек, ең алғашқы қуаты бар жоғы 5Мвт. АЭС Ресейде Обнинск қаласында 1954 салынған, кейіннен Англияда, Америкада қуаттылығы 60Мвт АЭС тер салынды.
Ешкімге жасырын емес дамыған, дамушы елдерде атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдануда, атом энергетика саласы жетекші өндіріс саналады. Дүние жүзінде ядролық саланың қауіпсіздігін, ядролық электр энергиясы нарығын бақылайтын Біріккен Ұлттар Ұйымына қарайтын МАГАТЭ- Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік жұмыс жасайды. Осы ұйымның деректеріне көз жүгіртсек әлемдегі тек 30 мемлекеттің өзінде 400 ден аса энергоблок бар екен, Бүгінгі таңда Францияның ішкі энергобалансындағы барлық энергоқуаттың 70 пайызын АЭС реакторы береді. АҚШ болса 94 энергоблок, Францияда 56, Қытайда 56, Ресейдің өзі қанша экономикалық санкцияларға ұшырап жатқанына қарамастан 36энергоблокпен күш салуда.Біздің Қазақстанға келсек, жедел нейтронмен жұмыс істейтін 1 реактор Ақтау қаласын тұщы сумен, электр энергиясымен қамтамасыз етіп келген,оны біреу біледі,біреу білмейді. Қазақстандағы реактордың зияны не зардабы туралы еш жерде байбалам салынып жатқан жоқ, демек зияны жоқ. Энергетика мамандарының талдауына сәйкес 2030 жылға Қазақстанның электр қуатына деген қажеттігі 28,2 гигаватты құрамақ, дефицит 6 гигаватты өзге мемлекеттерден сатып алуға мәжбүр боламыз. Сұранысты толық өзімізде жаба алмай жетіспейтін электр энергиясын Ресейден алып отырған жайымыз бар. Бәрінен де қызығы уран өзімізден шығады, уран қоры бойынша әлемде екінші орындамыз, өндіру бойынша бірінші орындамыз. Менің ата-бабаларым қарт Қаратаудың баурайын Қозмолдақ-Сызғанды мекен еткен, қазіргі уран өндіретін жерден аса алыс емес, атшаптырым ғана. Бабаларымыз қазба байлықтардың мұртын бұзбастан ұрпақтарына аманат етіп кетті. Біз шикізатты сатып мардымсыз табыс тапқанша,өзімізде өндірейік, ел игілігіне жаратайық, табыс табайық.Тағы бір айта кететін мәселе баламалы энергетика көздері табиғи жолмен өндірілетін күн және жел,су энергиялары еліміздегі өндірістердің сұранысын толық жаба алмайды,оның үстіне табиғи энергия климаттың ерекшелігіне,географиялық және техникалық шарттарына байланысты, кез-келген жерге қондырғыларды орналастыра алмайсыз, алайда бұл энегия өндірісі жұмысынары қарай жалғастыра береді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың оң қанатын,сол қанатын зерделей отырып, АЭС салу жөнінде талқылауды бүкілхалықтық референдумға, ел талқысына салуы өте орынды, атом электр станциялары керек, бәсекеге қабілетті қуатты мемлекет болуымыз үшін керек. Әділетті Қазақстан- Өндірісі дүркіреген Тәуелсіз ел болу біздің межеміз. Бұл менің ғалым ретінде ғана емес ұлттың ұрпағы ретіндегі азаматтық көзқарасым.
Референдум халықтың ойын, болашаққа деген ұстанымын білдіреді, жалпы қоғамның позитивті көзқарасының деңгейін айқындайтын болады.
Сарсенбаев Хамит Ақжігітұлы
Техника ғылымдарының кандидаты М.Әуезов атындағы университеттің доценті