Түркістан облысы Ордабасы ауданында жөл жөндеу жұмыстары қарқын алуда. Түркістан облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков өзі сайланған Ордабасы ауданына арнайы барып, аудандық маңызы бар жолдарға жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
— Бүгін Жолдардың сапасын аралап көрдік. КХОR-2 “Шұбар – Тоқсансай” бағытындағы 5 шақырым жолда асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қарқын алуда. Жол құрылысы 2024 жылы басталып, 2025 жылы толық аяқталуы жоспарланған. Бұл бағытқа 333 млн 295 мың теңге қаржы қаралған,-деді Ғани Ахылбекұлы.
Сонымен қатар, КХОR-1 М-32 – Амангелді ауылына апаратын 4,5 шақырым жолда да орташа жөндеу жұмыстары басталған. Жобаның жалпы құны – 388 млн 663 мың теңге. Ал, КХОR-10 “Қараспан – Қалаш” бағытындағы 9,3 шақырым жолда асфальт төсеу жұмыстары 2024 жылы басталып, 2025 жылдың мамыр айында толық аяқталған. Бұл жобаға 461 млн 145 мың теңге қаржы қаралған.
Депутаттың айтуынша атқарылып жатқан жұмыстар – тұрғындармен кездесулерде жиі көтерілген, көп жылдан бері өзекті болып келген мәселелердің бірі. Мәслихат сессияларында және тұрақты комиссия отырыстарында депутаттық сауалдар жолданып, бюджетке енгізілуінің арқасында нақты іске асуда. Мердігер мекемелерге сапаға ерекше назар аудару қажеттігін ескертіп, жұмыстың орындалуын алдағы уақытта да бақылайтынын айтты.
Шалғайда орналасқан Қалаш ауылының тұрғындары асфальт жолға қол жеткізіп, қуаныштарын білдіріп, халық қалаулыларына алғыстарын айтты.
Елді мекендерімізді дамыту, жол қатынастарын жақсарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады.