Түркістан облысында мәдениет пен туризм салаларын дамытуға күш салынған. Бұл бағытта шетел тәжірибесін пайдаланып, инвесторлар тартуға да басымдық берілген. Өңір экономикасын қарқынды дамыту үшін ұзақ мерзімді инвестиция құятындарға қолайлы жағдай жасалады. Өнеркәсіпті дамыту – ортақ міндет. Түркістан облысында жаңа инновациялық кәсіпорындар пайда болуы қажет. Еліміздің экономикасына инвестиция салу үшін шетелдік капиталды тарту маңызды, содан кейін өнім экспортқа кетеді. Осыны мақсат еткен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасында жұмыс сапарын жалғастыруда. Шетелдік инвестицияларды тарту және өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында Бейжіңдегі жетекші компаниялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өтуде. Инвестициялық әріптестікті нығайту және заманауи өндіріс ошақтарын ашу үшін аймақ басшысы кәсіпкерлерге өңірдің әлеуетін таныстырып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Қытай тарапы Түркістан облысының мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, түрлі салада ұзақ мерзімді жобаларды іске асыруға қызығушылық танытуда.
Кездесуде бизнесін таныстырған барлық кәсіпкерлерге алғыс айтқан Нұралхан Оралбайұлы әр инвестормен жеке жұмыс істейтінін жеткізді. Мұндай кездесулердің жаңа жобаларды іске асыруға жол ашатын айтып, екі елдің экономикалық ынтымақтастығы мен іскерлік серіктестігінің дамуын үлгі етті. Облыс әкімі инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған Түркістан облысының инвестициялық әлеуетімен таныстырды. Жаңа инвестициялық жобаларды табысты іске асыру үшін қажетті қолдауды көрсететінін жеткізді.
– Қытай Халық Республикасы мен Қазақстан Республикасының арасында өте жоғары деңгейде дипломатиялық байланыс орнаған. Қос мемлекеттің басшыларының өзара тығыз байланысы, достығы жаңа жобаларды жүзеге асыруға серпін беруде. Түркістан облысында өндіріс орындарын көбейтуге, жаңа зауыттар мен фабрикалар салуға мүдделіміз. Өңірдің табиғи климаттық жағдайы қолайлы, ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Жібек жолының бойында орналасқан аймақтың кадрлық әлеуеті жоғары және қажетті жұмыс күшін ұсына алады. Қазіргі уақытта Түркістан облысында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқан. Өңіріміздің негізгі инвестициялық алаңдары – 15 индустриалды аймақ және жалпы аумағы 4000 гектар алаңды құрайтын «Turan» арнайы экономикалық аймағы. Жобаларды талқылап, бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деген Нұралхан Көшеров инвесторларды Түркістан облысына шақырды.
Түркістан облысының әкімі ауыл шаруашылығы өнімдерін және азық-түлікті қайта өңдеуге арналған жабдықтар, ауыл шаруашылығы бұлтты платформасы, ауылшаруашылық суару, ауыл шаруашылығын автоматтандыру бағытында әлемдік рейтингте көш бастаған компания басшыларымен кездесті. Сондай-ақ мақта шаруашылығындағы “ақылды агротехнологияны” дамыту бойынша жаңа жобалар қаралды.
Бұл бағыттар бойынша өңірдің кәсіпкерлері серіктес болуға дайын. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға қатысты бірқатар бастамалар ортаға салынды. Азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорын салу жоспары талқыланды. Бұдан бөлек, кездесуге қатысқан инвесторлар теңіз өнімдерін өңдеу саласында бірлескен жобаны қаржыландыруға ниетті. Кез келген мемлекет экономиканың барлық салаларын қолдайды және бұл тұрғыда өңдеу өнеркәсібіне негізгі басымдық берілетіні түсінікті.
Кездесуде сондай-ақ қауіпсіздік саласындағы бейнебақылау және жасанды интеллект желісін дамыту бойынша ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы таныстырылды.
Қытайлық компаниялармен іскерлік кездесулер барысында кәсіптік білім беру саласын дамыту жолдары талқыланды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров техникалық мамандықтарды дамыту үшін серіктестік орнатуға мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.
Айта кетейік, халықтың әл-ауқатының жоғары болуы – агроөнеркәсіптік кешенінің дамуымен тығыз байланысты. Түркістан облысы аграрлық саланы дамытуда елімізде жетекші орынға тұрақтаған. Ауыл шаруашылығында еліміздегі жалпы өнім көлемінің 14 пайызы өндіріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес» деп, бұл салаға ерекше мән береді. Осы тұрғыда, өнімділікті арттыру және жаңа технологияларды ендіру бағытында, көршілес Өзбекстан, Қытай және Түркия, Австралия мемлекеттерінің оң тәжірибелерін ендіруіміз қажет. Облыстың табиғи – климаттық қолайлығы, жұмыс күші тұрғысында саланы жан-жақты дамытуға мол мүмкіндіктер береді.