Түркістан облыстық мәслихатының мәслихаттың кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі уақытша депутаттық комиссиясы облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына қарасты бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады.
Облыстық мәслихат депутаттарынан құралған комиссия алдымен Сауран ауданындағы «Ораңғай» су алу имаратына барды. Мекеме 2021 жылдың шілде айында пайдалануға берілген. Көлемі 2х10000 м3 резервуар, су тазартқыш станциясы, Мырғалымсай және Оранғай су жинау имаратындағы І және ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы орналасқан.
Аралауда комиссия мүшесі, депутат Сайдирасулхан Ералиев, зерделеу жұмыстарын жүргізіп проблемаларды назарға алу қажеттігін айтты.
— Бүгінгі уақытша депутаттық комиссияның мақсаты облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасына қарасты нысандардың жәй-күйін зерделеу. Аралау барысында айтылған ұсыныстарды, проблемаларды комиссия отырысында талқылайтын боламыз. Сонымен қатар, сессия қарауына ұсынамыз,-деді С.Ералиев.
Сондай-ақ, халық қалаулылары Кентау қаласындағы Абылайхан №29, көппәтерлі тұрғын үйлердегі күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы, 2014-2024 жылдар аралығында Кентаудағы 304 көпқабатты үйлер жөндеуден өткен.
Комиссия мүшелері «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның инвестициялық бағдарламасы шеңберінде атқарылатын Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекеніндегі 0,4 кВ электр желілеріне және трансформатор қондырғысына қайта жаңғырту жұмыстарын да басты назарға алды.
Хантағы елді мекенінде орнатылған КТП №6, КТП №7 трансформатор қондырғыларынан шығатын 0,4 кВ электр желілеріндегі тозығы жеткен ағаш бағаналары 1946 жылы салынған. Алдағы уақытта елді мекендегі Иманов, Хантағы көшелерінде 6,4 шқ. электр желілерінде толығымен СИП кабель сымдары және 268 дана темір бетон бағаналарына ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар, қосымша жаңадан 1 дана трансформатор қондырғысы орнатылатын болады. Нәтижесінде, Кентау қаласына қарасты Хантағы елді мекеніндегі 191 тұрғын үй сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады.