Биылғы Президент Жолдауын халық ерекше күтті. Сенат таратылып, бір палаталы Парламент болады екен деген сөздердің ел ішінде тарап жүргеніне бес алты жылға таяп қалды. Міне бүгін сол сұраққа жауапты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі халыққа Жолдауында айтты. Жаңадан шаңырағымызды құрып тәй-тәй басқан тәуелсіз Қазақстан үшін шынында бірін-бірі толықтырып отыратын қос Палаталы Парламент әрине қажет болды, ол Конституциямызда айқындалды.
Сенат өзінің миссиясын Заңға сәйкес орындап жатыр, алайда қазіргі жаңа геосаяси жағдай кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі халықаралық проблемаларды шешуге қауқарсыз бола бастаған тұста елімізде жоғарғы заң шығару мен заңдардың орындалуын қадағалау бір жерден бір саяси институт арқылы жүргізілгені өте тиімді. Қазіргі таңда талқылау алаңдарында саяси жүйенің ашықтығы мен озық қадамдарын көріп отырмыз. Тағы бір айта кететін маңызды мәселе Президент бір Палаталы Парламент партиялық тізіммен жасақталатын болады деген сөзі елдің құлағын дүрліктірді. Бұл мен үшін қуанышты хабар. Олай болса, міндетті түрде саяси партиялардың бәсекелестігі артатын болады. Бұрынғыдай емес халықтың көзі ашық, саяси сауаттылығы анағұрлым жоғарылаған. Бұл саяси өзгерістер елмен кеңесіп референдум арқылы жүзеге асатынын да бірден Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айтып өтті.
Жолдауда көп қолданылған кілтті сөздер экономика-45, халық-36, инвестиция-33, цифрлық-32, реформа-28, әлеуметтік-26, инфрақұрылым-23, мемлекет-20, Парламент-15. Ең көп қолданылған сөздерге қарап Жолдаудың бағытын байқауға болады. Демек, түйін сөз экономиканың өсуі бас меже десек халықтың сұранысына жауап бере отырып, инвестиция тарту арқылы, барлық салада жасанды интеллектіні қолданып, цифрлық қоғам құру арқылы табысқа жету.
Жылдағы Жолдаудан бұл Жолдаудың өзгешелігі экономиканың даму қарқынын цифрлық даму арқылы табысқа жетуді жоспарлауын баса айтып, ең салмағы ауыр саяси реформаларға тоқталады. Осының бәрі қоғамды жаңғырту үшін қажет дүние. Президент Жолдауда жеті маңызлы міндеттерге тоқталды.
Бірінші. Елімізге инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс қажеттігін, инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктерін ойластырудың пайдасы бар жобаларға басымдықты беру, екінші дәрежелі банктердің нақты секторға қаржы салу қажеттігі, түптеп келгенде Банктер туралы заң қабылдау қажеттігі айтылды. Президент өткен жолғы Жолдауында да банктердің қозғалыссыз жатқан 2,3 трдн активтерін экономикалық айналымға қосу жөнінде жөнінде тапсырма берген болатын. Аймақтағы арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізуді қажет деп санайтынын жеткізді.
Сондай-ақ, Президент Үкімет пен Ұлттық банк біртұтас команда ретінде нақты сектормен жұмыс атқару қажеттігіне тоқталды. Мемлекет басшысы «Қазақстан үш жылдың ішінде міндетті түрде цифрлық ел болуы керек. Ол үшін алдымен Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн» деді. Бүгінгі Жолдаудағы стратегиялық мақсатты айқындап берді. Осы орайда, Президент Жолдауда айтқан Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі қазіргі құзырлы министрліктің негізінде құрылатын болады.
Екінші. Өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беру.
Геологиялық барлау жұмыстарын күшейту қажет, халықаралық сертификаты бар зертхананы Ұлттық геологиялық қызметтің базасында құру, жер қойнауына қатысты мәліметті жасанды интеллектіні енгізу арқылы цифрландыруды қажеттігі айтылды.
Үшінші. Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру Қайтарылған жерлерді электрондық конкурстар арқылы беру тәсілдерін қолдану жөнінде Үккімет жыл соңына дейін заңнамаға тиісті өзгертулер ұсынуы тиістігі, ветеринанария мен фитопатологияның кенжелеп қалғандылығы, аграрлық экспорттың нақты жоспарын әзірлеу қажеттігі айтылды.
Төртінші. Көлік-логистиканы одан әрі дамыту Жасанды интеллекті арқылы тасымалды басқарудың Smart Cargo жаңа жүйесін іске қосу, әлеуметтік-экономикалық дамуы кешеуілдеп қалған Торғай аймағының дамуы Үкіметтің назарында болуы және Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуы тиіс делінді.
Бесінші. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен су инфрақұрылымын жаңғырту бойынша мемлекет пен бизнес арасында серіктестік орнату және су реформасының бірыңғай платформасын жасанды интеллект арқылы жасау, су үнемдеу технологияны ендіру, Аралды толтыра түсу жұмыстарын жалғастыру, су дипломатиясымен айналысатын мамандарды салаға тару. 2012 жылғы Жолдауда он жаһандық сын-қатерлердің төртіншісі су тапшылығы деп айтылған болатын. Міне бүгін бүкіл әлем елдері болжамы да дәлелдеп отыр.
Мемлекет басшысы ШЫҰ кеңейтілген отырысында Ұйым аясында Су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы өте маңызды ұсыныс айтқан болатын.
Алтыншы. Кәсіпкерлер елімізді цифрлық дамытудың қозғаушы күші. Қазіргі уақытта 21 кодекс, 300-ден аса заң бар екен Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келетіндігі іс жүзінде бизнестің дамуына кедергі келтіруде. Заңнамаларды жасанды интеллект арқылы зерделеп шығу керектігін, мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту. Мемлекеттік мүлік туралы заңды жаңарту қажеттігі айтылды.
Жетінші. Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер бойынша ауылдағы оқушыларды сапалы оқу тәсілдерімен қамтитын және «Qazaq Digital» мектеп үлгісін әзірлеу, инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беру, кадр тапшылығын жою мақсатында білікті мамандарды ұлтына қарамай елге қайтару, көші-қон саясатын қайта қарауды басып айтты.
Жолдау өзекті мәселелерді қамтыды. Тек Үкімет Іс-шаралар жоспарын жасап оны бірлесіп ел болып орындауға жұмылдырса болғаны. Жолдауды сапалы орындауға тек қаржылық ресурстар ғана емес болашаққа ұмтылыс жасау күші-жаңа сипаттағы жасампаздық пен жаңашылдықпен үндескен патриотизм қажет.
Қуатты ел жасау әділетті әрекетпен, тиянақты тірлікпен, ынтымақ бірлікпен келеді.
Қалыйма Жантөреева – «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты.


