Сіздерді елдігімізді айқындайтын – 25 Қазан, Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн Қазақстан халқы үшін аса қастерлі, тарихи мәні терең мереке. 1990 жылы дәл осы күні еліміздің егемендігін жариялаған тұңғыш құжат – Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Бұл, Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалаған тарихи бетбұрыстардың бірі.
Осы күннен бастау алған азаттық жолында ел болып етек-жеңімізді жиып, бірлігіміздің арқасында биік белестерді бағындырып келеміз. Бүгінде Қазақстан өз жолы, өз ұстанымы бар қуатты мемлекет. Бұл жетістіктер әрқайсымыздың еселі еңбегіміздің, татулығымыз бен төзімділігіміздің жемісі.
Сауран ауданында да күн өткен сайын жаңару, жаңғыру үрдісі күшейіп келеді. Мен өзім, халық қалаулысы ретінде, туған өлкемнің дамуына, әлеуметтік саланың, әсіресе білім мен тәрбиенің сапасын арттыруға ерекше мән беріп келемін. Соңғы жылдары ауданда бірқатар жаңа білім беру нысандары, заманауи балабақшалар салынуда. Бұл болашақ ұрпақтың жарқын келешегіне жасалған нақты қадам деп білемін.
Еліміздің ертеңі жастардың қолында. Сондықтан біз оларға сапалы білім, тәлімді тәрбие, қауіпсіз орта қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуіміз керек. Осы бағыттағы жұмыстарымыз алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Қадірлі ағайын!
Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бірлік пен береке тілеймін!
Отанымыз – Қазақстан мәңгі жасасын!
Тәуелсіз еліміздің туы әрқашан биікте желбірей берсін!
Ізгі тілекпен,
Ержан Мұстапаев,
Сауран аудандық мәслихатының депутаты


