Түркістан облысында тағы бір ауыл ішімдіксіз, қауіпсіз елді мекен атанды. Нақтырақ айтқанда Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Ынталы ауылы соңғы 2 жылда салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. 500-ге жуық үйі мен 3200-ден астам тұрғыны алкоголь өнімдерінен бас тартып, ауылдағы барлық 8 дүкен ішімдік сатуды тоқтатты.
Бұл мекенде ашылған екі заманауи спорт кешені жастардың бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасап, түрлі спорт үйірмелері тұрақты түрде жұмыс істеуде. Ал бастамаға мұрындық болған полиция қызметкерлері тұрғындармен жиі кездесулер өткізіп, зиянды әдеттердің алдын алу мен құқықбұзушылыққа жол бермеу бағытында жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

Әрбір кәсіп иесімен, ауыл биімен және тұрғындармен кездесіп, есеп беріп, салауатты өмір салтын ұстану мен ішімдік, жаман әдеттен арылу және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу арқылы заң мен тәртіпті сақтауға үнемі кеңес беріп, насихат жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде Ынталы — тәртібі сақталған, салауатты өмір салты орныққан, заң мен тәртіпті нығайтып, қылмыстың азаюына үлес қосқан ауыл ретінде өңірге үлгі болып отыр. Айта кетейік Ордабасы ауданында бұған дейінде ішімдікке қарсы күрескен ауылдар бар. Зиянды әдеттерден сақтанып, жастарға үлгі боларлық жұмыстар аудан көлемінде әлі де жалғасатын болады.

Айта кетейік, маскүнемдіктен сақтандыру, оның алдын алу мәселесі бұл күндері адамдарды қатты алаңдатуда. Адам дүниеге келгенде ішкілікке үйір болып туылмайды. Сондай-ақ маскүнемділік тұқым да қуаламайды. Оған көбінесе дастарқан басындағы көңілді отырыстар, араласқан адамдары, жүрген ортасы әсер етеді екен. Алкоголизм мен маскүнемдіктің артында жеке адам, отбасы тағдыры жатыр. Ол адамдардың денсаулығын құртып, шаңырақтың быт-шытын шығарады. Сондай-ақ жұмысқа немқұрайлы қарауға, еңбек өнімінің төмендеуіне, жұмысқа себепсіз кешігуге және апатқа ұшырауға апарады. Маскүнемдік ағайыншылыққа, сыбайластыққа, жең ұшынан жалғасушылыққа, тамыр-таныстыққа, қылмыс жасауға итермелейді. Арақ-шараптан адамға келетін зиянды есептеп шығарудың өзі қиын. Араққа үйір адам өзі бақытсыз ғана болып қоймай, бүкіл ата-ана, бала-шаға, жарына да кесірін тигізеді. Олар әдетте жұмысында абыройсыз, ағайын-туыс, көрші-қолаңға сүйкімсіз болары анық.


