Түркістан облысының Құтарыс ауылында «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында салынған жаңа ерікті өрт сөндіру пункті ашылды. Салтанатты рәсімге төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, облыс әкімі Нұралхан Көшеров және жергілікті бизнес өкілдері қатысты.
Жоба кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылды, олар нысанды салуға және жабдықтауға өз қаражаттарын салды. Бастаманы іске асыруға белсене қатысқаны үшін инвестор Роман Ниязалиев ТЖМ-нің ведомстволық наградасымен наградталды.

«Біз салып жатқан барлық жобалардың ішінде бұл ең өмірлік маңызы бар жоба. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы туралы білген соң, біз оған қатысуды ұйғардық және бұл бастамаға басқа да кәсіпкерлер қосылады деп үміттенеміз», — деді Роман Ниязалиев.
«Кәсіпкерлердің сыртта қалмай, бізбен бірге ерікті өрт сөндіру бекеттері желісін дамытып жатқаны қуантады. Кәсіпкерлердің өз ауылдарының қауіпсіздігіне инвестиция салуы — бұл әлеуметтік жауапкершіліктің ең жақсы мысалы», — деп төтенше жағдайлар министрі атап өтті.
Еріктілер ТЖ министрлігінен өрт сөндіру цистернасын, арнайы киім, жедел көлік және байланыс құралдарын алды. Ғимаратта кезекшілер бөлмесі, асхана, спорт залы, душ және демалыс бөлмесі қарастырылған. Жаңа бекет Құтарыс округіндегі алты ауылға қызмет көрсетеді, онда шамамен 8 мың адам тұрады.
Сонымен қатар, Түркістан облысы Созақ ауданының Жуантөбе ауылында Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жаңа ерікті өрт сөндіру пункті ашылды. Салтанатты ашылу рәсімін Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов өткізді. Жоба өңірдің өртке қарсы инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосқан кәсіпкер, «Идеал Тех Строй» ЖШС директоры Рустам Русланұлының қолдауымен жүзеге асырылды.
Министр мемлекет пен бизнес бірлесе отырып, әрбір азаматтың тұрғылықты жеріне қарамастан өз қауіпсіздігін сезініп, заманауи өрт сөндіру құралдарына қол жеткізуі үшін жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Жаңа пункт жедел ден қоюға қажет барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген: техникаға арналған бокс, кезекші қызметкерлерге арналған үй-жай, ас үй, душ және демалыс бөлмесі бар. Бөлімше ведомстводан автоцистерна, өрт сөндірушінің жауынгерлік киімін, радиостанциялар мен қызметтік автокөлік алды. Салтанатты рәсім соңында қатысушылар жасыл желектер отырғызды. Ерікті өрт сөндіру бекетінің ашылуы ауылдың 4,5 мыңнан астам тұрғыны үшін қауіпсіздік деңгейін арттырудағы маңызды қадам болды.
Өңірімізде тілсіз жаудың алдын-алатын қызметтің қарқынды дамып жатқаны қуантарлық жағдай екені жасырын емес. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, халық игілігіне пайдалануға беріліп жатыр. Жалпы Өрт сөндіру бекеті — тәулік бойы ол жерде кезекші қызметкер болатын, бірінші қажеттіліктегі өрт сөндіру құралдарымен жабдықталған арнайы ғимарат. Сондай-ақ, бекеттің жабдықталуына су ыдысы бар тіркеме және өрт мотопомпасы кіреді.

Бұл өрт сөндіру бекеттері шығу кестесіне енгізілген. Қызметкерлермен өрт сөндіру ережелері мен әрекеттері бойынша сабақтар өткізілді. Өрт сөндіруге тарту үшін әдістемелік нұсқаулық, іс-қимыл алгоритмі әзірленді. Өрт сөндіру бекеттерінің негізгі міндеті өрт сөндіру бөлімшелерінің есептері келгенге дейін оны оқшаулау және оның таралуын шектеу үшін өрттердің пайда болуына жедел ден қоюды қамтамасыз ету. Түркістан облысының әр бір ауылды жерлерінде ғимараттың болғаны дұрыс. Себебі алыстағы елді мекендерге өрт сөндіру машинасы орта есеппен бір сағатқа жуық уақытқа жетеді. Осыған байланысты ауданның шалғайдағы ауылдық пункттерінде өрт сөндіру бекеттері көптеп салынуда. Игі жұмыс қарқынды қолға алынып, атқарылып келеді. Бұл жерде ауысыммен жұмыс істейтін қызметкерлер бар. Өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылуына ақсақалдар мен ауыл тұрғындары қатысып өз ризашылықтарын білдірді.


