Түркістан облысы Сауран ауданы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда тұр. Ауданда түрлі жобалар қарқынды қолға алынып, іске асырылуда. Халыққа қолайлы жұмыс орындары да көптеп ашылып, ел игілігіне беріліп жатқан нысандардың қатары көбейюде. Соның бірі ауданға қарасты Иассы ауылдық округінің Еңбекші Диқан елді мекеніндегі «Дәморда» өндіріс алаңында жалпы құны 200 миллион теңгені құрайтын инвестициялық жоба балмұздақ шығаратын өндіріс орнын салу бойынша келісім жасалды. Осыған орай, ЖК «TRK Trade» директоры Момбеков Жаркынбек пен Сауран ауданының кәсіпкерлік бөлімі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар өндірістік жобаны тиімді іске асыру, инфрақұрылымдық қолдау көрсету және инвестициялық ахуалды дамыту бағытында бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров қатысып, өңірде кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашу ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ, мұндай өндірістік жобалардың жергілікті экономиканы әртараптандыруға және ауылдық жерлердің әлеуетін арттыруға зор үлес қосатынын жеткізді. Жоба аясында алдағы уақытта заманауи технологиялармен жабдықталған балмұздақ өндірісін іске қосу жоспарлануда.
Айта кетейік, Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан нақты қолдаулардың нәтижесінде Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық бағыты дамып, өндіріс көлемі артып, жаңа кәсіпорындар ашылып, мыңдаған тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылуда. Тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыру, құрылыста әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу шаралары оң үлесін қосады. Сол себептен, өңірлер кесіндісіне декомпозицияланған жоспардың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында жоспарланған межеге қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар атқару басты жоспар болмақ.


