Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту бойынша нақты міндеттер жүктеген. Осыған сәйкес облыс әкімінің тапсырмасымен өңір экономикасына терең талдау жүргізіліп, әр аудан мен қаланың экономикалық ерекшелігі, шикізаттық әлеуеті, өндірістік мүмкіндігі, импортқа тәуелділігі мен ішкі нарық сұранысы жан-жақты сараланған. Бүгінде Түркістан облысында өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен барлық аудан, қалада өндірістік парктер салынып жатыр. Мақсат – жұмыс орындарын көбейту. Бұл тірліктер Сарыағаш ауданында да атқарылып келеді. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев өндірістік парк аумағындағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, жүзеге асырылып жатқан жобалардың орындалу деңгейін зерделеді.
Жұмыс сапары барысында аудан басшысы инвесторлар мен мердігер мекеме өкілдерімен кездесіп, құрылыс нысандарындағы атқарылып жатқан жұмыстарды талқылады. Сонымен қатар жобаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау мәселесіне назар аударды.
Қазіргі таңда өндірістік аймақта орналасқан бірқатар кәсіпкерлік нысандардың ғимараттарына сыртқы әрлеу және қаптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс алаңдарында қажетті инфрақұрылымдарды қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасу үстінде.
Айта кетейік, Түркістан облысында инвесторларды қолдау және жобалардың жедел жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген дайын өндірістік алаңдар салынды.
Бүгінгі таңда арнайы экономикалық аймақтарда жалпы құны 976,4 млрд теңгеге, индустриялды аймақтарда 132,3 млрд теңгеге инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар аудандар мен қалаларда 214 гектар аумаққа шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 25 шағын өндірістік алаң құрылды. Бұл аймақтарда 192 млрд теңгенің инвестициялық жобалары іске асырылуда. Нәтижесінде, 5 218 жұмыс орны құрылмақ. Осы бастама аясында өңірдің барлық аудандарында 258 өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік өңірдің арнайы экономикалық аймақта 881 млрд теңгеге 98 жоба жүзеге асырылып, 7663 жұмыс орны ашылған. Индустриялық аймақтарда 124 млрд теңгенің жобалары іске асырылып, 6 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында 29 өндірістік алаң құрылып, жалпы 275 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта 227 млрд теңгенің жобалары іске асырылып, 5 879 жұмыс орны құрылуда. Инвестиция тарту жұмыстарының нәтижесінде 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 1,7 трлн теңгеге жетіп, өсім 121,6 пайызды құраған. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2 млрд АҚШ долларын құрап, жоспар артығымен орындалды. Өткен жылы 58 жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл 67 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Биылғы алғашқы 4 айда облыстың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 125 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған. Бұл жобалар нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,6 есеге арттыру, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге ұлғайту жоспарланған. Атап айтқанда, 2025 жылғы 5,1 трлн теңгелік көрсеткішті 2030 жылға қарай 13 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке тәуелділік 40 пайызға дейін төмендемек. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артуда.


