Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларының негізгі мақсаты – ел дамуының ұзақ мерзімді бағытын айқындап қана қоймай, әр жылға нақты ұлттық басымдықтар белгілеп, олардың орындалуын қамтамасыз ету.
Бұл міндеттер Кентау қаласында да нақты істермен сабақтасып келеді. Қалада экономиканы әртараптандыру, жаңа өндірістерді іске қосу, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстар жүргізілуде. «Тұран» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы отандық өндірісті дамытуға басымдық беріліп отыр. Өндірілген өнімнің ішкі нарықпен қатар Орталық Азия елдеріне экспортталуы – экономикалық белсенділіктің артып келе жатқанының айқын көрінісі.
Сонымен бірге қала инфрақұрылымын жаңғырту, жолдардың сапасын арттыру, инженерлік желілерді дамыту, тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мәселелері де күн тәртібінен түскен емес. Әлеуметтік бағыттағы жұмыстар да ұлттық басымдықтардың маңызды бөлігі. Халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыспен қамту, жастарға мүмкіндік беру, білім, мәдениет және спорт салаларын дамыту бойынша нақты жобалар жүзеге асырылуда.
Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты Кентауда да басты ұстанымдардың біріне айналып отыр. Тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау, көтерілген мәселелерді жауапты органдарға жеткізу және олардың шешілу барысын бақылау – жергілікті атқарушы органдар жұмысының маңызды бағыты.
Ал «Адал азамат» тұжырымдамасы қоғамдағы жауапкершілік, заңдылық, адал еңбек және мемлекеттік қызметтің ашықтығы қағидаттарын нығайтуға бағытталған. Бастысы – Президент айқындаған ұлттық басымдықтар қағаз жүзіндегі жоспар болып қалмай, әр қала мен әр елді мекендегі нақты нәтижеге айналуы тиіс. Кентаудағы атқарылып жатқан жұмыстардың түпкі мақсаты да осы – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру және қаланың тұрақты дамуына берік негіз қалау.
Соның дәлелі, ҚР Презиеденті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының табысын арттырып, кәсіпкерлікті дамытуға тың серпін беруде. Бағдарлама аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін өркендетіп отырған жандардың бірі – Кентау қаласының тұрғыны, кәсіпкер Ажар Қалдыбаева. Ісмер 2023 жылы Мемлекеттік бағдарлама арқылы 8,5 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Бөлінген қаржыға Қытай Халық Республикасынан заманауи тігін және өндірістік құрал-жабдықтар сатып алып, шеберханасының материалдық-техникалық базасын жаңартқан. Соның нәтижесінде өндіріс көлемі артып, тапсырыстарды қысқа мерзімде әрі сапалы орындауға мүмкіндік туған.
Қазіргі таңда кәсіпкердің шеберханасында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда ұлттық нақыштағы көрпе-көрпелер, қыз жасауы және тұрмысқа қажетті тігін бұйымдары дайындалады. Өнімдердің сапасы мен қолжетімді бағасы тұтынушылар тарапынан жоғары бағаланып, сұраныс жыл сайын артуда. Кәсіпкердің айтуынша, мемлекеттік қолдау кәсібін дамытуға үлкен мүмкіндік берген. Заманауи жабдықтардың арқасында өндіріс тиімділігі артып, жаңа тапсырыстарды қабылдау көлемі де ұлғайған.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлерінің ісін кеңейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және өңір экономикасының дамуына өз үлесін қосып келеді.


