Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту және ауылдық елді мекендердегі спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайту және спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында өңірде жаңа спорт нысандары салынып, қолданыстағы кешендер жаңғыртылуда.
Осы бағыттағы кезекті нысан Сауран ауданының Шорнақ ауылында ел игілігіне берілді. Жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтады. Салтанатты шарада облыс әкімі бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттің маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтіп, жаңа спорт кешені ауыл тұрғындары үшін салауатты өмір салтын қалыптастыруға, жастардың спортпен тұрақты айналысуына және жас спортшылардың кәсіби тұрғыда шыңдалуына мүмкіндік беретінін жеткізді.
– Бүгін қасиетті Сауран жерінде тағы бір игілікті істің куәсі болып отырмыз. Баршаңызды Шорнақ ауылындағы жаңа спорт кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ауылдың ғана емес, бүкіл өңірдің қуанышы. Спорт – жай ғана дене шынықтыру емес, ол – ұлттың саулығы, жастардың темірдей тәртібі және елдің болашағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұқаралық спортты дамыту – ұлт саулығына салынған инвестиция екенін үнемі айтып келеді. Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән беріліп келеді. Соңғы екі жылда өңірде 28 спорт кешені пайдалануға берілді. Ал осы жылы тағы 9 спорт кешенінің құрылысы аяқталып, ел игілігіне беру жоспарлануда. Міне, солардың алғашқысының ашылуында бас қосып отырмыз. Қасиетті Түркістан өңірі – талай саңлақты дүниеге әкелген киелі мекен. Бүгінгі кешеннің табалдырығын аттаған әрбір жас өз арманына бір қадам жақындайды. Осында жаттығып, шыңдалған жастардың арасынан Азияны, әлемді бағындыратын, Олимпиада төрінде Әнұранымызды шырқататын чемпиондар шығатынына кәміл сенемін. Жаңа спорт кешені ел игілігіне қызмет етіп, ауылдың ажарын кіргізер құтты орын болсын! – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі жаңа нысанды аралап, спорт залдарының жағдайымен, материалдық-техникалық базасымен және спортшыларға жасалған мүмкіндіктермен танысты. Сонымен қатар жасөспірімдермен кездесіп, олардың спортқа деген қызығушылығын, таңдаған бағыттарын және алдағы мақсаттарын сұрап, пікір алмасты.
Жаңа спорт кешенінің пайдалануға берілуі – Шорнақ ауылы үшін ғана емес, Сауран ауданының спорттық әлеуетін арттырудағы маңызды қадам. Бұған дейін ауыл жастарының спортпен айналысуына мүмкіндік беретін инфрақұрылым мәселесі өзекті болса, енді тұрғындар заманауи талаптарға сай жабдықталған нысанда жаттығуға мүмкіндік алады. Нысанның құрылысы 2024 жылдың тамыз айында басталған. Жобаның жалпы құны 1 млрд 733,6 млн теңгені құрайды. Спорт кешені 1 гектар аумақта орналасқан. Мұнда спорттың бірнеше түрімен айналысуға барлық жағдай жасалған.
Атап айтқанда, кешенде баскетбол, бокс, күрес және тренажер залдары қарастырылған. Бұл ауыл тұрғындарына спорттың әртүрлі бағытын таңдауға, балалар мен жасөспірімдердің қызығушылығына қарай үйірмелерге қатысуына және спорттық шеберлігін арттыруына мүмкіндік береді. Заманауи спорт кешенінде жаттығу залдарынан бөлек, қажетті инженерлік инфрақұрылым толық қамтылған. Нысанның материалдық-техникалық базасы спортшылардың жүйелі түрде дайындалуына қажетті жағдай жасауға бағытталған. Кешеннің тағы бір маңызды ерекшелігі – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Нысан іске қосылғаннан кейін 40 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң ықпал ететін маңызды көрсеткіш.
Спорт – денсаулықты нығайтудың ғана емес, жастарды тәрбиелеудің де тиімді құралы. Жасөспірім спорт арқылы тәртіпке, табандылыққа, жауапкершілікке және өз мақсатына жетуге үйренеді. Командалық спорт түрлері өзара сыйластық пен бірлікті қалыптастырса, жекпе-жек спорттары жігер мен төзімділікті шыңдайды. Сондықтан ауылдық жерлерде спорт нысандарының көптеп салынуы – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ғана емес, олардың бойындағы қабілетті анықтап, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашады. Түркістан облысы спорт саласында өзіндік дәстүрі қалыптасқан өңірлердің бірі. Өңірден ел намысын халықаралық жарыстарда абыроймен қорғап жүрген көптеген спортшылар шыққан. Бүгінде олардың ізін жалғайтын жас буын қалыптасып келеді. Жаңа спорт кешендерінің ашылуы осы үдерісті одан әрі жандандырып, ауыл жастарының үлкен спортқа қадам басуына мүмкіндік береді.
Шорнақ ауылындағы жаңа кешен де алдағы уақытта ауданның спорттық өмірінің маңызды орталығына айналмақ. Мұнда балалар мен жасөспірімдер жаттығып қана қоймай, түрлі деңгейдегі спорттық жарыстарға дайындалып, аудандық және облыстық додаларда ауыл намысын қорғайтын болады. Нысанның ашылу салтанатында спорт саласының мамандары, ауыл ақсақалдары, жастар мен тұрғындар жаңа кешеннің ауыл өміріндегі маңыздылығына тоқталды. Жергілікті тұрғындар үшін спортпен айналысуға қолайлы жағдайдың жасалуы – елді мекеннің әлеуметтік әлеуетін арттыратын нақты игіліктің бірі.
Айта кетейік, Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соңғы екі жылда өңірде 28 спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл тағы 9 спорт кешенінің құрылысын аяқтап, тұрғындар игілігіне ұсыну жоспарланған. Шорнақ ауылындағы спорт кешені – биыл ел игілігіне беріліп отырған осы нысандардың алғашқысы. Бұл – өңірде спортты тек кәсіби бағытта емес, ең алдымен бұқаралық деңгейде дамытуға басымдық беріліп отырғанының көрінісі. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, дені сау ұлт қалыптастыру – елдің ұзақ мерзімді дамуының маңызды негіздерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, әрбір жаңа спорт нысаны – болашаққа салынған инвестиция. Себебі бүгін спортпен айналысқан бала ертең елін қорғайтын, қоғамға пайдасын тигізетін, дені сау әрі жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасады.
Шорнақтағы жаңа спорт кешені де ауыл жастарының арманын үлкен мақсаттарға ұластыратын ортаға айналмақ. Мұнда алғашқы жаттығуын бастаған жас спортшылардың арасынан аудан, облыс, республика деңгейінде жеңіске жететін саңлақтар шығуы – басты мақсат. Ең бастысы, жаңа нысан ауыл тұрғындарына ортақ игілікке айналып, балалар мен жастарды спортқа баулитын, салауатты өмір салтын насихаттайтын және қоғамдағы белсенділікті арттыратын маңызды орталық болады. Қасиетті Сауран топырағында бой көтерген жаңа спорт кешені – ауылдың әлеуметтік келбетіне көрік қосқан заманауи нысан ғана емес, жас ұрпақтың жарқын болашағына бастайтын мүмкіндік. Мұнда шыныққан әрбір жас өз биігін бағындырып, ел спортының көкжиегін кеңейтуге үлес қосады деген сенім мол. Түркістан облысында бұқаралық спортты дамыту, балалар мен жастарға қолайлы жағдай жасау және спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.


