Сауран ауданында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Бүгінде ауданға қарасты 20 елді мекеннің тұрғындары алкогольдік ішімдіктерден бас тарту жөнінде ортақ шешім қабылдаған. Осы бастама аясында Шорнақ ауылдық округіне қарасты Аша елді мекенінде «Арақсыз ауыл» жобасы және «Нашақорлыққа жол жоқ» тақырыптарында кездесу өтті.
Жиынды Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ашып, жүргізді. Кездесуге аудандық ақсақалдар мен ардагерлер, құқық қорғау органдарының өкілдері, дін қызметкерлері, қоғамдық ұйымдар, ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлер қатысты. Басқосуда қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланып, салауатты өмір салтын насихаттау, отбасылық құндылықтарды нығайту және жастарды зиянды әдеттерден қорғау бағытындағы жұмыстар сөз болды.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров «Арақсыз ауыл – берекелі ауыл» бастамасы аясында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, алкогольдік ішімдіктерден бас тартуға бағытталған бастама тұрғындардың ортақ ұстанымын қалыптастыруға, отбасындағы татулықты сақтауға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған.
Аудан басшысы бастаманың негізгі мақсаты ішімдікке тәуелділіктің алдын алу, отбасылық құндылықтарды нығайту, жастарды зиянды әдеттерден қорғау, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және қоғамдық тәртіпті сақтау екенін атап өтті.

Сонме қатар бұл бағыттағы жұмыстардың Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатымен сабақтас екені айтылды. Қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, оған әрбір азаматтың жауапкершілікпен қарауы да маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, ауыл тұрғындарының ортақ бастамаларды қолдауы қоғамдық жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Сауран ауданы құрылғаннан бері алғашқы бес ауыл аталған бастаманы қолдап, алкогольдік ішімдіктерден бас тарту туралы шешім қабылдаған. Кейінгі кезеңде қоғамдық ұйымдар мен ауыл ақсақалдарының бастамасымен жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде жобаға қосылған елді мекендердің саны артқан.
Қазіргі таңда алкогольдік ішімдіктерден бас тарту туралы шешім қабылдаған ауылдардың қатарында Үлгілі, Шыпан, Шекербұлақ, Нұртас, Серт, Құмтүйін, Абай, Ескі Сауран, Қаражон, Егізқара, Игілік, Ойық, Мәшһүр Жүсіп, Шойтөбе, С. Қожанов, Жалаңтөс, Бершінтөбе, Қосқорған, Қосмезгіл және Аша елді мекендері бар.
Аталған шешімдер жергілікті қоғамдастық пен ауыл ақсақалдарының қатысуымен өткізілген жиындардың хаттамалары негізінде қабылданған. Кездесулерге тұрғындармен қатар сауда нысандарының иелері де қатысып, алкоголь өнімдерін сатудан бас тарту мәселесі бойынша ортақ келісімге келген.
Ауыл тұрғындарының мұндай бастамаға қатысуы елді мекендегі қоғамдық пікір мен ортақ жауапкершіліктің маңызын көрсетеді. Дегенмен салауатты өмір салтын қалыптастыру бір ғана шешім қабылдаумен шектелмейді. Оның нәтижелі болуы үшін тұрақты түсіндіру жұмыстары, жастарды қолдау және зиянды әдеттердің алдын алуға бағытталған шаралар жүйелі түрде жүргізілуі қажет.
Кездесу барысында алкогольдік ішімдіктермен қатар, есірткі заттарының таралуының алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қатысушылар жастар тәрбиесі, отбасылық жауапкершілікті арттыру, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде пікір алмасты.

Есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес пен нашақорлықтың алдын алу – қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі. Бұл бағытта жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және спорттық, мәдени әрі білім беру шараларына қатысуына жағдай жасау маңызды. Сонымен бірге ата-аналар, педагогтер, қоғамдық ұйымдар мен құқық қорғау органдарының бірлескен жұмысы профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыра алады.
Жиында аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Балтабай Ермекбайұлы, аудан прокурорының орынбасары Ержан Ахметов және аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Түймебаев сөз сөйледі. Олар күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікірлерін білдіріп, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың жауапкершілігін арттыру бағытындағы мәселелерді талқылады.
Ауыл ақсақалдарының қоғамдағы орны да кездесуде назардан тыс қалған жоқ. Үлкендердің жастарға өнеге көрсетуі, отбасылық құндылықтарды дәріптеуі және ауыл ішіндегі бірлікті нығайтуға атсалысуы қоғамдық өмірде маңызды рөл атқарады. Ал кәсіпкерлердің бастамаға қатысуы жергілікті қоғамдастықтың ортақ мақсат төңірегінде бірігуіне мүмкіндік береді.
«Арақсыз ауыл» жобасы аясындағы жұмыстардың негізгі бағыттарының бірі – тұрғындардың салауатты өмір салтына деген көзқарасын қалыптастыру. Бұл ретте алкогольдік ішімдіктердің зияны туралы ақпарат тарату, отбасындағы тәрбие мәселелерін талқылау және жастардың қауіпсіз ортада өсуіне жағдай жасау маңызды саналады.
Сауран ауданында 20 елді мекеннің бастамаға қосылуы ауыл тұрғындарының осы мәселеге назар аударып отырғанын көрсетеді. Алдағы уақытта мұндай жұмыстардың жалғасуы жергілікті қоғамдастықтың белсенділігіне, түсіндіру шараларының жүйелілігіне және тұрғындардың ортақ жауапкершілігіне байланысты болмақ.
Аша ауылында өткен кездесу де салауатты өмір салтын насихаттау, алкогольдік ішімдіктер мен есірткі заттарының таралуының алдын алу және қоғамдық тәртіпті нығайту мәселелерін талқылауға арналды. Жиында ауыл тұрғындары, ақсақалдар, кәсіпкерлер мен тиісті сала өкілдері ортақ мақсатқа жұмылудың маңызын атап өтті.
Салауатты ауыл қалыптастыру – тек белгілі бір әдеттен бас тарту емес, сонымен қатар отбасындағы татулықты сақтау, жастарға дұрыс бағыт көрсету, құқықтық мәдениетті дамыту және қоғамдағы өзара құрметті нығайту. Осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған ортақ міндеттердің бірі болып қала береді.


