Қазығұрт ауданында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдауға арналған жеке қабылдау өтті. Аудан әкімі Азизхан Исмаилов бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелеріне назар аударды.

Қабылдауға аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары және ауылдық округ әкімдері қатысты. Кездесу барысында Қазығұрт, Тұрбат, Қақпақ, Жаңабазар, Жігерген және Қызылқия ауылдық округтерінің тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді жеткізіп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Тұрғындардың өтініштері негізінен әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамту және елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағыттарын қамтыды. Атап айтқанда, азаматтар әлеуметтік көмек алу тәртібі, электр энергиясы қуатының төмендігі және интернет желісінің сапасын жақсарту мәселелерін көтерді. Сонымен қатар жолдардың жағдайы мен көшелерді абаттандыруға қатысты ұсыныстар айтылды. Жеке қабылдау барысында тұрғындар «Жастар» көшесіне асфальт төсеу қажеттігін жеткізді. Бұдан бөлек, «Бөрібек» көшесіне шағал төсеу және «Мамбеталиев» көшесінен «Қонаев» көшесіне шығатын қырдағы жолды кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ бірқатар көшеге жарықтандыру шамдарын орнату қажеттігі айтылды. Жол инфрақұрылымын жақсарту, көшелерді жарықтандыру және сапалы интернетпен қамтамасыз ету мәселелері ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты тұрғындар аталған бағыттар бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, көтерілген мәселелердің шешімін табуына ықпал етуді сұрады. Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы әрбір өтінішті мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес түсініктемелер берді. Сонымен бірге тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстарды қарастыру кезінде олардың өзектілігіне, орындалу мүмкіндігіне және жауапты мекемелердің құзыретіне назар аударылды. Қабылдау қорытындысы бойынша жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді. Оларға тұрғындар көтерген мәселелерді жан-жақты зерделеп, заң аясында шешу жолдарын қарастыру тапсырылды. Сондай-ақ әрбір өтініш бойынша тиісті жұмыстарды ұйымдастырып, нақты шешім қабылдау қажеттігі атап өтілді. Жеке қабылдаудың негізгі мақсаты – тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, елді мекендердегі өзекті мәселелерді анықтау және оларды шешу жолдарын қарастыру. Мұндай кездесулер халық пен жергілікті атқарушы билік арасындағы байланысты нығайтып, тұрғындарды толғандырған мәселелерді тікелей талқылауға мүмкіндік береді. Ауданда тұрғындардан келіп түскен өтініштерді қарастыру және көтерілген мәселелер бойынша тиісті шараларды қабылдау жұмыстары жалғасуда.


