Мәслихат алдында тұрған міндет көп. Солардың бірі жоспарға сәйкес депутаттар 2024 жылы облыстық мәслихатта атқарылған жұмыстарды қорытындылап, Келес ауданында халықпен кездесті.
Өздеріңізге белгілі, елдiң алдында тұрған экономикалық және әлеуметтiк мiндеттердi орындауға ықпал етуде мәслихаттар маңызды рөл атқарады.
Осы тұрғыда, өткен жылы облыстық мәслихаттың 6 сессиясы өткізіліп, түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 89 шешім қабылданды, оның ішінде 20 шешім (нормативтік құқықтық акт) облыстық Әділет департаментінде мемлекеттік тіркеуден өтті.
Қабылданған әрбір шешім алдын-ала міндетті түрде мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларында егжей-тегжейлі пысықталып, содан соң сессияларда талқыланды.
Атап айтқанда, 2024 жылы бюджет, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының 10 отырысы өткізіліп, 29 мәселе қаралса, әлеуметтік-мәдени даму, мемлекеттік-құқық, жергілікті өзін-өзі басқару және депутаттық этика мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 6 отырысы өткізіліп, 70 мәселе қаралды.
Сол сияқты кәсіпкерлік, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту, жер қатынастары және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның 6 отырысы өткізіліп, 38 мәселе қаралды. Сессияларда облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, тиісті жылдың облыстық бюджеті 4 рет нақтыланды.
Келес жұртшылығымен кездесуге облыстық мәслихаттың депутаттары Алмас Салимов, Бахыт Басымбек және Жаңабай Ағабеков арнайы барды. Жиында депутат Бахыт Мүсірәліұлы аудан халқына атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы 2025 жылғы жоспармен бөлісті.
— Жалпы, Келес ауданы бойынша 2024 жылы барлығы 18 млрд 616 млн теңге. Оның, Республикалық бюджеттен — 1 миллиард 877миллионы және Ұлттық қордан — 3 миллиард 635 миллион, ал облыстық бюджеттен — 11 миллиард 827 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, Келес ауданына 2025 жылы 49 нысан құрылыс, күрделі және ағымдағы жөндеуге және жобалық смета құжаттарын дайындауға 6 миллиард 353 миллион бөлінген. Оның ішінде, Республикалық бюджеттен -700 миллион және Ұлттық қордан – 493 миллион, ал облыстық бюджеттен — 5 миллиард 160 миллион қаржы қаралған, — деді өз сөзінде Бахыт Басымбек.
Ендігі кезекте осы қаралған қомақты қаржыны тиімді етіп, ауданның көркейуіне пайдалануда жұмыс жасалмақ.
Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасында барлық мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуді басты назарға қойып отыр. Айта кетейік, осы тұста, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Бахыт Мүсірәліұлы қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және маңызды мәселелер бойынша қабылданған шешімдермен халықты ақпараттандыру мақсатында барлық кездесу мен жұмыстарын жариялап келеді.