Түркістан облысында инвестициялық климат қалыптасқан. Өндіріс саласы жаңа қарқынмен дамып келеді. Бұл – өзге өңірлерге үлгі. Аймақ басшысы Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірге инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытында қарқынды жұмыстар жалғасуда. Жұмыс нәтижелері еліміздің өзге өңірлерінің қызығушылығын арттыруда. Өңірдегі жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асыру барысымен танысу, тәжірибе алмасу мақсатында еліміздің өзге өңір делегацияларының Түркістан облысына іссапары жалғасып жатыр. Бұл жолы Маңғыстау облысынан келген жұмыс тобы аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетімен танысып, маңызды ақпараттар алды. Делегацияны Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Асқар Қаныбеков бастап келді.
Екі күнге жоспарланған сапардың алғашқы күні жұмыс тобы Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовпен кездесіп, өңіраралық әріптестікті нығайту, даму бағдарламалары жөнінде талқылады.
Сонымен қатар шаһардың тарихи-мәдени орталығына экскурсия жасап, «Ұлы дала елі» мұражайы, Қ.А.Ясауи кесенесі, «Күлтөбе» ескі қалашығымен танысты. Іссапардың екінші күні «Turan» арнайы экономикалық аймағында жалғасты. Кейіннен, маңғыстаулық делегация шағын өндірістік парк аймағында болып, «Жасыл Суық Қазақстан» ЖШС, «Aqniet Holding» ЖШС, «BNK Group» ЖШС, «Daulet Holding» ЖШС, «Тұран Су» ЖШС-дегі жұмыс барысын бақылады. Осы күні жұмысшы топ Ордабасы, Сайрам ауданындағы өндіріс орындарында, жылыжайда болды. Жұмыс барысына қаныққан маңғыстаулық делегация Түркістан облысының табысты тәжірибесін өз өңірлерінде ендіруге ниетті.
Түркістан облысының ең үлкен байлығы — адами капитал. Халық өте көп, тығыз орналасқан. Ол жерде бір гектар суармалы жердің өзі бір отбасын толық асырайды. Жерді үнемдеп, халыққа бекітіп бере отырып, халықтың алатын пайдасын көбейтуге мүмкіндік бар. Қазір Түркістан облысында 900 мыңға гектарға жуық егістік жер бар (110 мың га мақта, 46 мың га көкөніс, 230 мың га егістік). Осыған байланысты ауыл шаруашылығы — Түркістан облысының қазіргі тұрмыс көзі болып есептеледі. Сондай-ақ Созақ, Отырар, Бәйдібек аудандарында мал жайылымдары өте көп. Жалпы, 4 миллион гектардан астам жайылымдық жер бар.
Айта кетейік, облыста негізгі инвестициялық алаңдар ретінде 15 индустриалды аймақ пен «TURAN» арнайы экономикалық аймағы бар. АЭА қатысушыларына әкімдік тарапынан қолдау мен жеңілдіктер қарастырылған. Қазіргі уақытта АЭА-да 129 жоба жүзеге асырылуда. Олардың 95-і іске қосылған. Сонымен қатар, облыс орталығы — Түркістан қаласы өзінің мәдени-тарихи мұрасымен ерекше. Соңғы жылдары қала қарқынды дамуда. Түркістан қаласында өнеркәсіп саласы да дамып келеді. Аймақта өңдеу өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және азық-түлік өнеркәсібі кеңінен таралған. Сонымен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары қала экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді. 2023 жылы Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 20%-ға өсіп, бұл жаңа өндіріс орындарын ашуға жағдай жасады. Қаланың инфрақұрылымдық дамуы – экономиканың басты қозғаушы күші. Жаңа жолдардың салынуы, әуежай мен теміржол желілерінің кеңеюі Түркістанды елдегі маңызды көлік және логистика орталығына айналдырып келеді. Әсіресе, халықаралық қатынас үшін маңызды әуежайдың құрылысы мен «Түркістан – туристік хаб» жобасы қаланың экономикасын жаңа деңгейге көтеруде. Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы соңғы жылдары үлкен жетістіктерге жетіп, жаңа деңгейге көтерілді. Туризм, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылымдық даму салаларындағы табыстар қаланың болашағына үлкен сенім ұялатады. Түркістан Қазақстанның экономикалық орталығы ретінде аймақтың ғана емес, елдің дамуына елеулі үлес қосатын айрықша қалаға айналуда.