Түркістан облысында жаңа жобалар қарқын алып келеді. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 14 индустриалды аймақ ашылған. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Мәселен, Қазығұрт ауданында орналасқан «Қазығұрт» индустриалды аймағында 4,9 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, 249 жаңа жұмыс орнын ашып, халықты жұмыспен қамту көзделген. Бүгінде индустриалды аймақта жалпы құны 2,2 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылып, 123 жаңа жұмыс орны ашылды.Бұдан өзге, Түркістан облысы Қазығұрт ауданы, Тұрбат ауылында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнім көлемін арттыру мақсатында «Тұрбат» агроиндустриалды аймағын құру жоспарлануда. 60 гектар аумақта 3,8 млрд теңгеге жылыжайлар бой көтеріп, 416 адам жұмыспен қамтылмақ. Жоба арқасында аудан шаруаларына жылыжай бизнесін дамытуға үлкен серпін беріледі деп күтілуде. Бұл жайында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов брифингте мәлімдеді.
«Жалпы ауданға тартылатын инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. 2025 жылы құны 21,5 млрд теңге болатын 24 жобаны іске асырып, 749 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Өңір экономикасына айтарлықтай әсер етуі тиіс жобалардың басым бөлігі ауылшаруашылығы саласына тиесілі. Мәселен, өңірде балық және құс шаруашылығымен айналысушылар саны артып келеді. Сонымен қатар, егін шаруашылығында тамшылатып суғару технологиясына баса мән беріп жатқан шаруалар да жетерлік» — деген аудан әкімі бірқатар ірі жобаларды БАҚ өкілдеріне таныстырды.
Аудандағы жалпы өңірлік өнім көлемі биыл бес айда 42,3 млрд теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 134,4 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, өңірдегі инфрақұрылым саласында да бірқатар оң өзгерістер орын алуда. Бүгінгі таңда аудан тұрғындарының 98,3%-ы тұрақты ауыз сумен қамтылған. Бұл көрсеткішті биыл жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал, табиғи газбен қамту көрсеткіші 90,1%-ға жетсе, электр жарығымен қамту көрсеткіші 98,4%-ды құраған.
Сонымен қатар, аудандағы интернет сапасын жақсарту бағытында да бірқатар жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда инвестор «Сomdata» ЖШС тарапынан Қазығұрт, Қызылқия, Рабат елді мекендерінде талшықтық-оптика байланыс желісін жүргізу жоспарланған. Биыл Қызылқия елді мекенінен 745 абонентке, Рабат елді мекенінен 840 абонентке желі тарту жоспарлануда. Өңірдегі білім және медицина саласында да жақсы жаңалықтар жетерлік. 2024 жылы 4 жаңа мектеп пайдалунға берілсе, биылғы оқу жылында да тағы 3 білім нысаны бой көтеруде. Сонымен қатар, өткен жылы 5 медициналық нысан құрылысы аяқталып, қолданысқа ұсынылса, 2025 жылдың қорытындысымен 4 нысан ем алушыларды қабылдауға дайын болмақ.
Айта кетейік, Сонымен қатар биылғы мамыр айында 2 жобаның құрылысы басталды. Нақтырақ айтқанда, «TIMUR.LES» ЖШС жиһаз, жұмсақ полиуретанды көбік және бағдарланған бөлшектер тақтасын шығаратын зауыт салуды қолға алды. Зауыт іске қосылғанда жылына 10 мың дана жиһаз өндіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «AGRO irrigation» ЖШС су үнемдеуге арналған полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт салмақ. Инвестиция құны 1,2 млрд теңгені құрайтын жобаның жылдың қуаттылығы – 10 000 тонна. Қазіргі уақытта кәсіпорындар салуға қажетті жер телімдері рәсімделіп, инвесторлар зауыттардың құрылыс жұмыстарына кіріскен. «Сапа 2002» ЖШС 150 гектар жерге жаңбырлатып суғару жүйесін ендіру жұмыстарын жүргізуде.
Одан бөлек, «Көрік ШҚ» ЖШС 2018 жылдың қазан айынан бастап алкогольсіз табиғи шырынды сусындар шығаруда. Жоба қуаттылығы жылына – 1 мың тонна. 2019 жылдың қараша айында «CG Foods Central Asia» ЖШС тез әзірленетін тағамдар өндірісін іске қосқан. Өндіріс қуаттылығы жылына – 1100 тонна. Кәсіпорын өнімдерін Қазақстаннан бөлек, Ресей және Орта Азия елдеріне экспорттауда. Мұнда 100 адам жұмыспен қамтылған. Индустриалды аймақта «Асыл» ЖШС-нің автоматтандырылған ауыз су жүйесі және капсулалалар өндірісі іске қосылған. Сонымен қатар «Сабит» шаруа қожалығы «Ағанай» су қоймасына 200 мың шабақ тастап, балық өсірумен айналысуда.


