Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Нақтырақ айтқанда, Түркістан облысында өңір экономикасын дамытудың, халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетігі саналатын өнеркәсіп саласына басымдық берліген. Осы мақсатта шет мемлекеттерден инвестиция тарту, тәжірибе алмасу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін арнайы өнеркәсіптік алаңдар құрылған. Мәселен, аймақтағы «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары көбеюде. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейе түсті. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Саурандағы шағын өндірістік паркті аралап, жаңа ғимараттардың құрылысын бақылады. Сонымен бірге іске қосылған зауыттардың жұмысына да шолу жасады.
– Жоба ұсынып, бірлесе жұмыс істеуге ниет білдіруші компаниялар көбеюде. Сондықтан браунфилдтер сапалы әрі уақтылы тапсырылуы тиіс. Өндірістік парктегі жұмыстар қатаң бақылауымда тұр. Жұмыс орындарын ашу, өңірдің өзіндік кірісін ұлғайту өте маңызды, – деді Нұралхан Көшеров.
Түркістан облысында алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд. теңге инвестиция тарту және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн. евроны құрайтын зауыттың қуаттылығы – жылына 140 мың дана. Жоба 2 кезең арқылы іске асырылады.
Аталған өнеркәсіптік паркте жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін, ауыл шаруашылық тракторларын және сэндвич панельдер шығаратын кәсіпорындар іске қосылған. Сонымен бірге кеңсеге, мектепке, медициналық мекемелерге арналған жиһаздар шығаратын зауыттар жұмыс істеп жатыр. Ішкі есіктер шығаратын цех, медициналық жабдықтар шығаратын өндіріс орындары да іске қосылып үлгерген. Қытайлық «Avatar agricultiral technology development» компаниясы ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауытты іске қосу жұмыстарына кірісіп кетті. Одан бөлек, сусыздандырылған көкөністерді өндіретін, электромагниттік шығын өлшегіштерді құрастыратын, жиһаз жасайтын, өнеркәсіптік суды өшіру клапандарын өндіретін, кептірілген жемістер мен кептірілген көкөністер дайындайтын зауыттар ашу жоспарланып отыр.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осы тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды.
Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Жалпы облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ, шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысында өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 19 индустриалды аймақ ашылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы бағыттағы жұмыстарға да аса басымдық беруде. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Биыл облыста аумағы 744 гектарды құрайтын жаңа 5 аймақ құрылды.
Атап айтсақ, «Жетісай» индустриалды аймағы – 59 га, «Отырар» индустриалды аймағы – 85 га, «Арыс» индустриалды аймағы – 30 га, «Қарамұрт» индустриалды аймағы – 523,9 га және «Шардара-2» индустриалды аймағы – 46,1 га. Бұл аймақтарда құны 129 млрд. теңгені құрайтын жалпы 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, биыл 49,7 млрд. теңгеге 17 жобаны іске қосу межеленген. Қосымша Төлеби ауданында 1 индустриалды аймақ ашу және Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы 2 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ туризмді дамыту – облыс экономикасының негізгі басымдықтарының бірі. Мәселен, соңғы 3 жылда облыста жыл сайын шет мемлекеттерден келіп жатқан туристер ағыны көптеп байқалады. Осыған орайда, екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты екі елдің экономикалық байланыстарын дамытуға серпін беретін инвестицияларды өзара ұлғайту арқылы нығайту ұсынылады. Бұл ретте мемлекет басшыларының өзара мемлекеттік сапарлары және барлық деңгейдегі тұрақты байланыстар, екі елдің берік достығы мен мықты қарым-қатынасының жарқын үлгісі болып табылады.