Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Аймақтағы «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы арқылы өндіріс орындары көбеюде. Нақтырақ айтқанда, заман талабына сай зауыттар мен кәсіпорындар көбейіп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар күшейе түсті. Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы ашылды. Жобаның І және ІІ кезеңі аясында 152 өндірістік ғимарат салып, 308 млрд. теңге инвестиция тарту және 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, кәсіпорындар жұмысын бастап кетті. Нәтижесінде 790 жаңа жұмыс орны құрылды. Биыл қосымша 29 ғимараттың құрылысы аяқталып, 26 жоба іске қосылады. Нәтижесінде 136,8 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1 950 жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халықаралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытын іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн. евроны құрайтын зауыттың қуаттылығы – жылына 140 мың дана. Жоба 2 кезең арқылы іске асырылады.
Аталған өнеркәсіптік паркте жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелерін, ауыл шаруашылық тракторларын және сэндвич панельдер шығаратын кәсіпорындар іске қосылған. Сонымен бірге кеңсеге, мектепке, медициналық мекемелерге арналған жиһаздар шығаратын зауыттар жұмыс істеп жатыр. Ішкі есіктер шығаратын цех, медициналық жабдықтар шығаратын өндіріс орындары да іске қосылып үлгерген. Қытайлық «Avatar agricultiral technology development» компаниясы ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауытты іске қосу жұмыстарына кірісіп кетті. Одан бөлек, сусыздандырылған көкөністерді өндіретін, электромагниттік шығын өлшегіштерді құрастыратын, жиһаз жасайтын, өнеркәсіптік суды өшіру клапандарын өндіретін, кептірілген жемістер мен кептірілген көкөністер дайындайтын зауыттар ашу жоспарланып отыр.
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, осы тәжірибені Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас Сайрам және Сарыағаш аудандарында іске асыру жұмыстары басталды.
Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Мұнда кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашуға қызығушылық танытып отыр. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында 4 өндірістік алаңда 105 ғимарат салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда 22 ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Жалпы облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ, шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өңірде инфрақұрылыммен қамтылған индустриалды алаңдар кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да зор мүмкіндік туғызып отыр. Мәселен, 2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында 5 бірдей өндірістік аймақ құрылуда. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл бастама тек кәсіпкерлікті дамытумен шектелмейді, сонымен бірге өңір халқы үшін тұрақты табыс көзіне айналады.
– Өндірістік аймақтар – инвестиция тарту, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және еңбек нарығын қолдаудың тиімді құралы. Біз кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жасап беріп, олардың өнімдерін бір орталықта шоғырландыру арқылы нарыққа шығуын жеңілдетеміз. Бұл – Түркістан облысы экономикасының болашағына салынған инвестиция, – деді Нұралхан Көшеров.
Сапар аясында облыс әкімі алдымен Еңбекші Дихан ауылындағы «Иассы» индустриалды аймағына барды. Мұнда 9 гектар аумаққа 24 жоба орналаспақ. Қазіргі таңда 16 кәсіпкер жобасын бастап кеткен. Аталған аймақта жиһаз, тігін, жол белгілері, бояу, қағаз, пластик, жартылай дайын тағам өнімдері және құрылыс материалдарын өндіретін цехтар іске қосылады.
Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге, ал ашылатын жұмыс орындары – 600-ден асады. 10 гектар жерге орналасқан Қарашық өндірістік аймағында 20 жоба жүзеге аспақ. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкер құрылысқа кірісті. Бұл аймақта есік-терезе, желдеткіш құбырлар, резеңке жабын, пластикалық ыдыс, тігін және жиһаз цехтары ашылады. Жобалардың жалпы құны – 4,5 млрд теңге, жұмыс орындары – 170. Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге маманданған. 5 гектар аумақта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорын іске қосылған соң жылына 300 тонна өнім өндіріп, 300 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды. Ал «ASIA BREND» және «DIVALUX» атты жиһаз кәсіпорындары өз өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, еліміздің әр аймағына жөнелтуде. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындарда 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Материалдар Түркиядан жеткізіледі, ал жұмысшылар жергілікті жерде оқытылып, біліктілігін арттыруда. Шорнақ ауылында 8 гектарға индустриалды аймақ құрылып, жиһаз цехтары салынады. Үшқайықта 18 гектарға 37 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар 2025–2030 жылдар аралығына жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша да инвестициялық жобалар қатар жүріп жатыр.