Атам қазақ «Бірінші байлық — денсаулық» деп тегін айтпаған ғой. Осы тұста жанына ем іздеген әр адам өз денсаулығына дұрыс мән беріп, денсаулығын күту мәдениетін қалыптастыруға аса назар аударғаны жөн. Өйткені адам капиталының ¬сапасы мен саны оның денсаулығына, өмір сүруіне тікелей байланысты екені сөзсіз. Яғни дені сау ұлт қана өміршең, мықты мемлекет құра алады. Осы ретте елімізде халық денсаулығын жақсартуға барынша көңіл бөлініп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Мемлекеттің дамуы халықтың денсаулығымен тығыз байланысты. Түркістан облысы тарапынан медицинаға тұрақты қолдау көрсетілуде. Соның ішінде Сауран ауданындағы аудандық емхана жұмысының бүгінгі жәй-күйімен таныс болып, Сауран аудандық емханасының басшысы Бахыт Еркінбекұлы Стамкуловпен арнайы сұхбат жасадық.
Жалпы бүгінгі таңда Сауран аудандық емханасы құрылымына 5 бастапқы санитарлық көмек көрсету орталықтары, 10 дәрігерлік амбулатория, 12 фельдшерлік-акушерлік бекет, 3 медициналық бекет бекітіліп, жұмыс атқарып келеді. Аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердегі халыққа медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру мақсатында 2024 жылы Шаға, Оранғай, Қарашық елді мекендеріндегі дәрігерлік амбулаторияларының құрылымы Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталығы құрылымына өзгертілген екен. Аудандық аурухан басшысының сөзінше, емхананың күндізгі стационар бөлімінде 154 төсек орын қарастырылып, 2990 науқас сапалы медициналық ем қабылдаған.
- Денсаулық дегеніміз – адам жаны мен тәнінің амандығы, өмірдегі баға жетпес құндылық, ең басты байлық. Адам өмірінде денсаулықтың орны бөлек, әрі ерекше. Байлығымыз асып – тасып жатқанымен, денсаулығымыз жоқ болса, байлықтың не керегі бар? Қазіргі кезде елімізде халықтың денсаулығын нығайту жолында біршама шаруалар атқарылып, үкімет осы салаға ерекше көңіл бөліп отыр. 2024 жылы Сауран аудандық емхана тарапынан көптеген жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, емхананың негізгі индикаторлық көрсеткішетірінің оң нәтиже көрсетуі. Оның ішінде жалпы өлім жітім деңгейі, сонымен қатар қан айналым себептерінен және онкологиялық сырқат себептерінен болатын өлім жітім деңгейі 2023 жылмен салыстырмалы төмендеуі орын алды. Ана мен бала денсаулығын қорғауда да бірқатар тиімді іс шаралар жүргізіліп, 2023 жыл қорытындысымен 1 жасқа дейінгі бала өлімі көрсеткіші 57,02 пайызға, 5 жасқа дейінгі бала өлімі көрсеткіші 26,32 пайызға төмендеген. Емхананың материалдық техникалық жағдайы жаңа флюрографиялық аппаратпен, заманауи ультрадыбыстық зерттеу аппаратымен Canon Aplio a550 (модель CUS-AA450), 2 дана аудиограмма медициналық құрылғысымен, 7 дана стоматологиялық қондырғысы, 3 жаңа санитарлық автокөліктермен 70 жаңа компьютермен және емханаға қажетті қосымша құрал-жабдықтармен толықтырылды. ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 30 қарашадағы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын бекіту туралы № 962 қаулысына негізінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілерін (МБ, ФАБ, ДА) пайдалануға беру жоспарына сәйкес, Сауран ауданы Жалаңтөс ауылында «Жалантөс» медициналық бекеті, Шаға ауылында «Шаға» фельдшерлік-акушерлік бекеті, Құсшы ата ауылында «Құсшы ата» Фельдшерлік-акушерлік бекеттерінің жаңадан құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Салауатты өмір салты — бұл ең әуелі денсаулықты сақтауға және нығайтуға бағытталған сауықтыру жолындағы белсенді іс-әрекет. Үлкен кісілер «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деп бекер айтпаса керек, себебі дені сау адам – мемлекеттің ең басты капиталы,-деді Бахыт Стамкулов.
Сауран аудандық емханаға қарасты Ескі Икан, Оранғай, Қарашық, Шаға бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталықтарының зертхана бөлмелері жалпы клиникалық, гематологиялық, клиникалық химиялық зерттеулер түрімен толықтырылған. Сонымен қатар, емханаға қарасты Ескі Икан, Шаға бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету орталықтары, Жана Икан, А.Усенов, Нұртас дәрігерлік амбулаториясы, С.Қожанов фельдшерлік-акушерлік бекеті ғимараттарын сұйық отынмен (газбен) жылыту жұмыстары жүргізілген. Сондай ақ, бүгінгі таңда емхана кадрлық әлеуеті арнайы мамандармен толыққан. Атап айтқанда пульмонолог, инфекционист, дерматовенеролог, иммунолог, балалар невропатологы, балалар кардиологі, балалар хирургі, травматолог, реабилитолог, онколог, сарапшы дәрігер, гастроэнтеролог, рентгенолог, педиатр, психиатр, ревматолог, стоматолог, пренатолог, зертханашы мамандарымен және УДЗ дәрігерлерімен толықтырылып жұмыс жасауда. Дәрігерлер мен мейірбикелердің біліктілігін арттыру мақсатында тұрақты оқыту жұмыстары ұдайы жүргізіліп отырады деді емхана басшысы.
- Денсаулық баға жетпес құндылық болғандықтан, біз салауатты өмір салтын ұстанып, денсаулығымызды күтуіміз керек. Сонымен қатар, соңғы уақытта дұрыс тамақтану да өзекті болып отыр. Бұл да оң өзгеріс деп санаймын. Нысаналы индикаторлық көрсеткіштердің оң нәтиже көрсетуі және материалдық техникалық базаның кеңейтілуі, жұмыс сапасының артуына байланысты, амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдарды аккредиттеу стандарттары бойынша Сауран аудандық емханасы 1-санаты тағайындала отырып, 3 жыл мерзімінде аккредиттеуден өткізілді,-деді Бахыт Еркінбекұлы.
Осы ретте «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін халық нақылы еске түседі. Одан бөлек, ауру неғұрлым ертерек анықталса, соғұрлым құлан-таза айығып кетудің де мүмкіндігі көбірек. Әсіресе көбіне дәрігерлер тұрғындардың уақтылы тексеруден өтуге мән бермейтінін айтып қынжылады. Бұл сөздің жаны бар.
Сұқбат барысында Бахыт Еркінбекұлы басшылық жасайтын мекеменің алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісуді сұрадық. Алдағы уақыттың тиянақты жоспарлары баршылық. Емхана дәрігерлері өз біліктіліктерін арттырып, халық үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Дегенмен дәрігер нақты нәтижеге қол жеткізу басты қағида екендігін атап өтті. Мәселен,
- Емхананың медициналық-техникалық жарақтандыру көрсеткішін ұлғайту.
- Аудан орталығына жаңа емхана ғимаратының салынуына ықпал жасау.
- Емхананың медициналық қызметкерлері біліктілігін арттыру.
- Аккредиттеу стандарттарын қатаң сақтап қалу.
- Емханаға қарасты «Нұртас» дәрігерлік амбулториясының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу.
- Медициналық кеңес, көшпелі медициналық кеңес отырыстарын тұрақты өткізу.
- Аудандағы сұйық отынмен (газ) қамтамасыз етілген ауылдық окргутерде орналасқан емханаға қарасты құрылымдық бөлімшелер ғимаратын сұйық отынмен жылыту жұмыстарын жүргізу.
- Емханананың нысаналы индикаторлық көрсеткіштерде 2024 жылмен салыстырмалы оң нәтиже көрсету.
Соңғы кездері салауатты өмір салтына аса мән беріліп, бұл мәселе қолға алынып келеді. Өсіп келе жатқан ұрпақтың жадына жастайынан денсаулықтың қадірін білуді, өз денсаулықтарына үлкен жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруымыз керек. Күнделікті өмір салты — спортпен айналысу, ¬зиянды әдеттерден аулақ болу, дұрыс тамақтану, дәрігерге дер кезінде қаралу — денсаулықты сақтаудың қарапайым шарттары осылар екенін әрқайсымыз жақсы білеміз. Демек, ең бастысы, өзімізге деген көзқарасты өзгерту қажет. Сонда ғана өз ағзамызға өзіміз көмектесіп, жанымыз бен тәнімізді рухымызға бағындыра аламыз.


