Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тартуға басымдық берілген. Мәселен, Түркістан облысы Сауран ауданындағы өндірістік аймақтар – аймақтағы кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеріп, Түркістан облысының экономикалық картасында жаңа белеске жол ашуда. Жобалардың іске асуы тек қана инвестиция тартуға емес, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыспен қамтылуына және өңірлік өзін-өзі қамту әлеуетінің артуына ықпал етуде. Осыған орай, Түркістан облысы, Сауран ауданы, Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандық, «Жасыл Сауран» мекемесінің директоры Нұржан Бадамбаев және жеке кәсіпкерлер Түркия Республикасының Кония қаласына жұмыс сапарымен барды. Іссапардың негізгі мақсаты – шетелдік инвестиция тарту, кәсіпкерлік байланыстар орнату және аудан көлемінде өндірістік әлеуетті арттыру. Сапар барысында делегация мүшелері Кония қаласындағы бірқатар индустриялық аймақтарды аралап, жергілікті өндіріс ошақтарының жұмысымен танысты. Сонымен қатар ірі кәсіпорындармен іскерлік кездесулер өткізіліп, нақты әріптестік мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, гидравликалық қысым, механикалық діріл және PLC басқару жүйесіне негізделген автоматтандырылған машиналар шығаратын «Kanat Makina San. Tic. Ltd. Şti», мәрмәр тас өңдеу жабдықтарын өндіретін «Efeşen», сондай-ақ сүт өнімдері және бал өндіруге арналған машиналар мен жабдықтар шығаратын «Türköz» компанияларымен ынтымақтастықты нығайту мақсатында келіссөздер жүргізілді. Кездесулер нәтижесінде екіжақты экономикалық байланысты дамытуға ниет білдірілді. Бұл сапар Сауран ауданы үшін жаңа өндірістік технологияларды меңгеру мен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытында маңызды қадам болмақ.
Түркістан облысында инфрақұрылыммен қамтылған индустриалды алаңдар кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, жергілікті халықты жұмыспен қамтуға да зор мүмкіндік туғызып отыр. Мәселен, 2024–2026 жылдар аралығында Сауран ауданында 5 бірдей өндірістік аймақ құрылуда. Атап айтқанда, Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауылдық округтерінде 55 гектарға жуық жер бөлініп, 115 жобаны орналастыру көзделген. Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілсе, олардың 30-ы құрылыс жұмыстарын бастап кеткен.
Облыс басшысы Нұралхан Көшеровтің айтуынша, бұл бастама тек кәсіпкерлікті дамытумен шектелмейді, сонымен бірге өңір халқы үшін тұрақты табыс көзіне айналады.
– Өндірістік аймақтар – инвестиция тарту, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және еңбек нарығын қолдаудың тиімді құралы. Біз кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жасап беріп, олардың өнімдерін бір орталықта шоғырландыру арқылы нарыққа шығуын жеңілдетеміз. Бұл – Түркістан облысы экономикасының болашағына салынған инвестиция, – деді Нұралхан Көшеров.
Сонымен қатар, Еңбекші Дихан ауылындағы «Иассы» индустриалды аймағында 9 гектар аумаққа 24 жоба орналаспақ. Қазіргі таңда 16 кәсіпкер жобасын бастап кеткен. Аталған аймақта жиһаз, тігін, жол белгілері, бояу, қағаз, пластик, жартылай дайын тағам өнімдері және құрылыс материалдарын өндіретін цехтар іске қосылады.
Жалпы инвестиция көлемі – 6,3 млрд теңге, ал ашылатын жұмыс орындары – 600-ден асады. 10 гектар жерге орналасқан Қарашық өндірістік аймағында 20 жоба жүзеге аспақ. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкер құрылысқа кірісті. Бұл аймақта есік-терезе, желдеткіш құбырлар, резеңке жабын, пластикалық ыдыс, тігін және жиһаз цехтары ашылады. Жобалардың жалпы құны – 4,5 млрд теңге, жұмыс орындары – 170.
Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге маманданған. 5 гектар аумақта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр. Ал «ASIA BREND» және «DIVALUX» атты жиһаз кәсіпорындары өз өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, еліміздің әр аймағына жөнелтуде. Қазіргі таңда бұл кәсіпорындарда 150-ге жуық адам жұмыс істейді.
Шорнақ ауылында 8 гектарға индустриалды аймақ құрылып, жиһаз цехтары салынады. Үшқайықта 18 гектарға 37 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар 2025–2030 жылдар аралығына жоспарланған.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «AVATAR AGRICULTIRAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниямен жыл басында Сауран ауданында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт ашу бойынша келісім жасаған болатын. Жобаның болжамдық құны – 5 млн. АҚШ доллары. Қуаттылығы айына – 600 дана. Бүгінде қытайлық инвестор ғимаратты өндіріске бейімдеп, арнайы құрал-жабдықтарын жеткізе бастады. Жұмыстың басым бөлігін негізінен роботтар атқарады деп күтілуде. Өңір басшысы жобаға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Аталған зауыт ашылған соң елімізді ауыл шаруашылығы дрондарымен қамтуды көздеп отыр.