Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен өңірге инвестиция тарту, өнеркәсіп орындарын ашу, жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстар жалғасын тауып келеді. Өңірге қарасты Сайрам ауданы көлемі жағынан басқа аудандармен салыстырғанда кіші болса да өңір экономикасына қосар үлесі мол аймақ. Мұнда ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы жақсы дамыған. Диқаншылықпен айналысып несібесін жер анадан тауып отырғандарда жетерлік. Сайрам ауданы өсiп-өркендеп, елiмiздiң дамуына өз үлесiн қосып келедi. Экономикалық даму потенциалы аса жоғары болғандықтан, мұнда инвестиция тартуға мүмкiндiк мол. Мал бордақылап мол табысқа кенеліп отырғандар да бар. Түркістан облысы Сайрам ауданының экономикасына ағымдағы жылы 29,2 млрд.теңге инвестиция тартылып, былтырғы жылға қарағанда өсім 2,4 есеге жеткен. Тартылған инвестицияның 73,6%-ы – жеке инвестиция. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан, қалаларға жұмыс сапары жалғасуда. Бұл жолы Сайрам ауданына арнайы барып, бірнеше нысандарды ашып, ел қуанышымен бөлісіп, аудан активімен кездесті. Ауданда ауыл шаруашылығы, сонымен қатар қайта өңдеу өнеркәсiбi, кәсiпкерлiк салалары жақсы дамыған.
– Жол жөндеу, инвестиция тарту, кірістер көзін ұлғайту, салық жүйесіндегі кемшіліктерді жоюды тапсырамын. Экономиканы әртараптандыру және жергілікті жобаларды іске асыру – стратегиялық міндет. Мемлекет тарапынан барлық қолдаулар көрсетіліп жатыр. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар ары қарай да жалғасын табады. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында, бүкіл қоғам болып жұмыла жұмыс атқару маңызды. Сайрам – ауыл шаруашылығы дамыған аудан. Еліміз бойынша ет экспорттау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіруден де үздіктер қатарында. Бұның бәрі – осындағы тұрғындардың бірлігі мен еңбегінің жемісі. Тату-тәтті әрі ынтымағы жарасқан елдің жеңісі. Біз осы бірліктен айнымай, Түркістан облысын дамытуға күш салуымыз керек. Аймақтағы өзекті мәселелерді ең алдымен әрине, жергілікті халық жақсы біледі. Нақты міндеттерді орындау кезінде ауылдық округ әкімдеріне салғырттыққа жол беруге болмайды. Осыған байланысты, 10 күн ішінде әр ауылдық округ кесіндісінде 2025 жылға жоспарланған жобалар бойынша нақты мерзімдерін көрсете отырып, салалық басқармамен келісіп, Жол картасын әзірлеуді тапсырамын. Мемлекеттік міндеттерді орындауға салғырт қараған әкімдердің тәртіптік жауапкершілігі қаралатынын қатаң түрде ескертемін, – деген Нұралхан Көшеров «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы атқару керектігіне де тоқталды.
Мәжілісте Сайрам ауданының әкімі Арман Сабитовтың есебі тыңдалды. Сонымен бірге басқарма басшылары өз салалары бойынша индикаторлардың орындалуына қатысты баяндама жасап, жетістіктер мен кемшіліктерге тоқталды. Облыс әкімі тарапынан нақты тапсырмалар беріліп, хаттамаға енгізілді.
Айта кетейік, Сайрам ауданында 5 айдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 113,9 млрд.теңгеге жетіп, өсім 32,6%-ды құрады. Жалпы өнімнің 32,9%-ы ауыл шаруашылығы, 26,8%-ы өнеркәсіп саласының үлесінде. Биылғы жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемін 354,0 млрд.теңгеге жеткізіп, 13,4% өсімді қамтамасыз ету жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы саласында 5 айда 37,5 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 4,1% деңгейінде болды. Өсімдік шаруашылығында 1,6 млрд.теңгенің, мал шаруашылығында 35,6 млрд.теңгенің өнімі өндірілген. Жыл басынан 14,9 мың тонна ет, 71,8 мың тонна сүт өндірілді. Жалпы биылғы жылы агроөнеркәсіп кешен саласында өнім көлемін 160,0 млрд.теңгеге жеткізу межеленуде.
Сайрам — ең ірі аудандардың бірі. Ауданының әлеуметтік — экономикалық дамуына ерекше көңіл бөлінген. Бұл жұмыстар жалғасады. Ауылды дамытуға басты басымдық беріледі. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Түркістан облысына жасаған сапарында облысты әрі қарай дамытуды тапсырды. Сонымен бірге, өз Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ басқа да әлеуметтік маңызы бар салалар жергілікті билік назарынан тыс емес. Мәселен өнеркәспі, шаруашылық салаларын қарқынды дамытуда тұрғындардың да атқарар рөлі ерекше. Ал ауданды жарықтандыру, газ, ауыс-су мәселелері кезең-кезеңімен орындалып келеді.