Түркістан облысындағы негізгі бағыттардың бірі – инвестиция тарту, туризм. Аймаққа келуші туристер мен инвесторлардың саны жылдан-жылға артып келеді. Биылғы 5 айда Түркістан өңіріндегі тарихи орындарға 424 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 58 мыңға жуықтап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көбейген. Инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, меморандумдарға қол қою жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Жаңа өндіріс орындары ашылып, зауыттар іске қосылуда. Бұл өңірдің ілгері дамуының ашық айғағы. Мәселен, туризмді дамыту, туристерге қолайлы жағдай жасау мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласындағы саяхатшылар көп келетін орындарға кезекті рет зерделеу жұмыстарын жүргізді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен сол маңдағы туристік нысандарды аралап, тазалық жұмыстары, келушілерге қолайлы жағдай жасау, қызмет сапасын көтеру бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.
– Мемлекет басшысы туристік инфрақұрылымды жақсарту міндетін жүктегенін білесіздер. Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Түркістанға келетін инвесторлар мен туристер саны жыл сайын көбейіп келеді. Сондықтан туризм – басым бағытқа ие. Саяхатшылар мен зиярат етушілерге қолайлы жағдай жасап, қызмет сапасын жақсарта түсу керек, – деген Нұралхан Көшеров анықталған кейбір кемшіліктерді жоюды тапсырды. Аралау барысында нысандардың жай-күйі, санитарлық талаптарға сәйкестігі және өзге де мәселелер қаралды. Тиісті ұсыныстар мен тапсырмалар берілді.
Айта кетейік, «E-qonaq» жүйесіндегі деректерге сәйкес, биылғы 5 айда Түркістан облысына 18699 шетелдік турист келген. Бұл – өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 2 есе көп. Әсіресе, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай, Қырғызстан елдерінен саяхатшылар көп келген. Келген туристерге қолайлы жағдай жасау мақсатында Түркістан қаласындағы туристік полиция қызметкерлері бейнежетон, планшет, рация, арнайы киім және электрокармен қамтылған.
Сонымен қатар, 2024 жылдың басынан бастап Түркістан мен Әбу-Дәби арасында бағасы қолжетімді әуе рейсі ашылды. Аптасына бірнеше рет қатынайтын бұл рейстің де өңір туризмі мен экономикасына айрықша үлес қосатыны сөзсіз. Бұл рейс ашылғанда облыс әкімінің орынбасары Түркістанға келушілер саны жылына бір миллион адамға жеткенін, аталған салаға бес жыл ішінде 356 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылғанын, облыс орталығында жаңадан қырыққа тарта қонақүй салынғанын атап өткен еді. Осы орайда, Түркістан -Ыстамбұл, Түркістан- Кувейт, Түркістан-Самарқант бағыттары бойынша да әуе рейстері жұмыс істеп жатқанын айта кеткен жөн. Түркістан өңірінде емдеу және сауықтыру туризмі де ауыз толтырып айтарлықтай деңгейге көтерілген. Оның басым бөлігі өңірге қарасты Сарыағаш ауданында орналасқаны да көпшілікке мәлім болар. Енді Сарыағаштың курорттық аумағы одан сайын дами түспек. Бүгінде аталған ауданда жетпістен астам емдеу-сауықтыру орталығы мен алпысқа жуық шипажай халыққа қызмет көрсетіп жатыр екен. Алдағы уақытта осы орталықтарға Түркістандағы туризм және меймандостық университетінің алғашқы түлектері жұмысқа тартылмақ. Одан да өзге жұмыстарға басымдық берілетін болады. Төлеби ауданы да туризм саласын дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан өңірлердің бірі. Мысалы, бір ғана «Тау самалы» шаңғы базасына қыстың 2 айында бес мыңға жуық қонақ бас сұғыпты. Жалпы, Төлеби ауданында туристерге қызмет көрсететін жүз қырық орын бар екен. Былтыр ауданда туризм саласына 529,6 миллион теңге инвестиция тартылып, тағы да сегіз демалыс орны жұмысын бастаған. Аталған ауданға инвесторлардың да қызығушылығы басым. Ал, келер жылға дейін жалпы құны 4,5 миллиард теңгені құрайтын он жоба жүзеге асырылмақ. Ал, Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы» шипажайы жаңғыртылып, 2 миллиард теңгеге 250 орынға лайықталған төрт жұлдызды қонақүй бой көтергелі жатыр. Егер бұл жоспар жүзеге асырылса, шипажайдың қуаттылғы екі есеге артады. Оған қоса, жобаны іске асыру шеңберінде 150 азамат жұмыспен қамтылатын болады. Өңірдің туризмін шет мемлекеттерге таныстыру жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Мысалы, наурыздың басында Берлин қаласында өтетін дәстүрлі ITB Berlin 2024 көрмесіне түркістандықтар да қатысып қайтты. Делегация құрамындағы белді ұйымдардың өкілдері өңірдің туризмінен хабар беріп, туризм саласының әлеуеті жайлы түсіндірген. Сонымен бірге, Самарқандағы форумға да, Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылуына да Түркістан облысының өкілдері қатысты. Қазір Түркістан қаласында туризм бағытын ілгерілетіу үшін түрлі бастамалар қолға алынған. Жаңадан салынып жатқан нысандардың келбетіне, идеологиялық мәніне, сапасына қатаң бақылау жүргізіліп жатыр.


