Түркістан облысында жыл басынан 196,5 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Жалпы облыс экономикасының дамуына тың серпін беретін 2025-2028 жылдары аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 2,3 трлн теңгені құрайтын 110 инвестициялық жоба іске аспақ. Нәтижесінде 19 783 жұмыс орны ашылады. Оның ішінде, биыл 322 млрд теңгеге 57 инвестициялық жоба іске қосылып, 6 908 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Мәселен, қазіргі таңда Төлеби ауданында ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда. Нақтырақ айтсақ, Зертас ауылында «AZIA MILK» маркасымен тауарлы сүт фермасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Елді мекен шетіндегі 10 гектар аумаққа израильдік технология негізінде ферма ашуды көздеген кәсіпкер 1 200 бас ірі қараға арналған қора, жем-шөп жинайтын орын, сүтті жинайтын, әрі сүт өнімдерін дайындайтын арнайы ғимарат салуда. Жоба толығымен жүзеге асқан жағдайда жүздеген жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Төлеби ауданы экономикасының ілгерілеуіне, дамуына айтарлықтай оң әсерін тигізетін фермаға аудан әкімі Ергеғали Әлімкулов арнайы барып, жобамен кең көлемде танысты. Кәсіпкер фермаға метеостанциясы бар желдеткіш және заманауи жарық жүйесі, сиырдың тойғаны мен жағдайын анықтайтын бейне-камералар орнатылатынын жеткізді. Аудан басшысы өндіріс орны – өңірдегі сүт шаруашылығын дамытып, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтитынын айтты. Сонымен қатар жеке кәсіпкердің 240 бас ірі қара мал бордақылау алаңының жұмысымен танысып, мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану туралы кеңес берді.
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов мемлекет басшысы инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтауды, оларды жоюды жүктегенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді, инвестициялық жобаларды арттыру қажеттігін айтты. «Басты мақсатымыз – инвесторлармен ашық диалог орнатып, кәсіпкерлікті дамытуға кедергілер болса, бірлесе отырып заң аясында шешу. Өндірістік аймақтар – инвестиция тарту, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және еңбек нарығын қолдаудың тиімді құралы. Біз кәсіпкерлерге қажетті инфрақұрылым жасап беріп, олардың өнімдерін бір орталықта шоғырландыру арқылы нарыққа шығуына қолайлы жағдай жасап, жеңілдетеміз», деді аудан басшысы
Жоба израильдік заманауи технологиялар негізінде толық автоматтандырылған. 10 гектар аумақта орналасқан фермада 1 200 бас голштино-фриз сиыры бағылады. Еуропалық үлгідегі фермада салқындату және желдету жүйесі, метеостанция, жарық пен бейнебақылау, сүт жинау және өңдеу орталығы қарастырылған. Жоба құны – 1,3 млрд теңге. Сонымен қатар мұнда мал шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу де жоспарланған.
Қазіргі уақытта 26 адам жұмыспен қамтылған. Іске қосылған соң 50 тұрақты жұмыс орны ашылады. Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов ферманың құрылыс алаңында болып, жобаны қолдайтынын жеткізді. Ферманы толық іске қосу 2027 жылға жоспарланған.
Жалпы, Төлеби ауданында 2025 жылы жеке инвестиция есебінен 100 жоба іске асып, оның құны 17,9 млрд теңгені, ашылатын жұмыс орны 633-ты құрайды деп жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласында: балық және құс шаруашылығын дамыту, тамшалытып суару әдісін қолдану, жеміс-жидекті өңдеп, саумалмен сауықтыру орнын іске қосу бағытында 40 жобаның құжаты әзірленуде. Сондай-ақ, өсімдік майын өңдеу, мал бордақылау алаңшасы, сүт өңдеу тауарлы сүт фермасын ашу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлік және туризм салалары бойынша: 60 жоба қаралып, 392 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ауданда 2025 жылы 2 шағын су электр станциясы, 2 балабақша, минералды су цехы мен 2 емдік сауықтыру орны, 4 спорт кешені, 2 техникалық қызмет көрсету, 6 тамақтану орны іске қосылады деп күтілуде.
Айта кетейік, ауданға қарасты Киелітас ауылдық округіндегі жеке кәсіпкер Сәкен Сәрсеновтің балық шаруашылығымен айналысады. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен 0,5 гектар аумаққа 10 тоннадан астам сазан балығын өсіріп отыр. Сондай-ақ 1,6 гектар жерге демалыс аймағының құрылысы жүргізген. Мұнда да жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылып отыр.
Бүгінде Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климатты қалыптастыру үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы ретте, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 14 индустриалдық аймақ ашылған. Одан бөлек, биыл 744 гектарды құрайтын жаңа 5 аймақ құрылды. Оның ішінде, «Жетісай», «Отырар», «Арыс», «Қарамұрт және «Шардара-2» индустриалдық аймақтары бар.
Бұл аймақтарда құны 129 млрд теңгені құрайтын жалпы 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Ағымдағы жылы 17 жоба іске қосылады. Сондай-ақ, қосымша Төлеби ауданында 1 индустриалдық аймақты ашу және Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы 2 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде.


