2025 жылдың алғашқы 5 айында Созақ ауданында 81,5 млрд теңгеден астам тікелей инвестиция тартылды. Ал, жалпы өңірлік өнімінің көлемі 380 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков журналистермен өткен баспасөз жиынында баяндады.

«Ауылшаруашылық саласында осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 138,7 млн теңге инвестиция тартылды. Қазіргі таңда өңірде 9 мың тоннаға жуық ет және сүт өнімдері, 750 мың дана жұмыртқа өндірілді. Биылғы егіс науқанында 14 638 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Су үнемдеу технологиясы бойынша 163,9 га жерге жаңбырлатып, 33 га жерге тамшылатып суару жүйесі енгізілді. Сондай-ақ, келесі жылы Тайқоңыр елді мекенінде жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін зауыттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаның жалпы құны 113,5 млрд теңгеден астам. Аталған жоба аяқталғаннан кейін 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Аймақта осы жылдың алғашқы 5 айында 1 826 азамат әлеуметтік қолдаумен қамтылды. Ұлттық жобалар аясында 136 жұмыс орны ашу көзделсе, бүгінгі таңда 28 орын ашылды. «Еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасы» бойынша 1 387 орын жоспарланып, 880 орын ашылды. Бекітілген жоспарға сәйкес, бос жұмыс орындарына 554 адам жолданды. Ауданда жұмыссыздық деңгейі – 4,9%. Сонымен қатар, өткізілген жұмыс жәрмеңкелерінде 78 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыспен қамтылды»- деді аудан басшысы.
Өңір толықтай ауыз сумен қамтылған. Тек төрт ауыл кестемен су ішеді. Қазіргі таңда Қарақұр мен Қозмолдақ ауылдарында 24 сағаттық ауыз сумен қамту үшін жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Шолаққорған ауылына газ тарту үшін 216,6 шақырым құбыр тартылып, қазіргі таңда 3 200 абонент көгілдір отынмен қамтылды. Аудан орталығында 7 шақырым аяқ жолға 235 дана жарықшам, 4 аялдама, 60 қоқыс жәшігі мен орындықтар орнатылуда. Бұдан бөлек, биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 447 млн 330 мың теңгеге 12 көшеге 14,2 шақырым асфальт төселеді деп жоспарлануда. Сондай-ақ, азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында аудан орталығындағы «Жеткіншек» мөлтек ауданында 1 қабатты 2 пәтерлі – 26 үй, 2 қабатты 8 пәтерлі – 3 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Салынып жатқан үйлер кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілетін болады. Сонымен қатар, «Казатомпром» АҚ демеушілігімен – 2 қабатты 16 пәтерлі үй салынуда. Одан бөлек, құны 2 млрд теңгеге жуық Шолаққорған ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені жақын күндері ел игілігіне пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, «Астана» мөлтек ауданы инфрақұрылымын дамыту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында Шолаққорған ауылында құны 1 млрд теңгені құрайтын кітапхана құрылысы жүргізілуде. Аталған нысан келесі жылға өтпелі.
Айта кетейік, Шолаққорған ауылында салынып жатқан 200 орындық «Спорттық-сауықтыру» кешен екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес пен бокс залдары, бассейн және футбол алаңы орналаспақ. Сондай-ақ, Созақ ауылындағы заман талабына сай жабдықталған спорт алаңшасы бар. Онда жастар мен жасөспірімдер футбол ойнап, спортпен шұғылдана алады. Жалпы 1030 адамға арналған стадион бар. Бұдан бөлек, жаттығу залдары, «Street workout» және баскетбол алаңдары бар. Ауданда «Созақ сәулет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны үшін сатып алынған жаңа техникалар бар. Техникалар саны — 46, олардың ішінде автокран, жүк тиегіш, тракторлар, камаз, эксковатор мен қоқыс таситын көліктер бар. Аудан орталығында құрылысы жүріп жатқан жаңа кітапхана құрылысы қарқынды жүруде. Онда заманауи талаптарға сай жабдықталатын оқу залдары, ақпараттық ресурстар орталығы, балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бөлімдер қарастырылған. Аудандағы «Достар» стадионы 450 орындық көрермендер алаңы, жүгіру жолағы және үлкен футбол алаңы бой көтеруде.
Сонымен қатар, Шолаққорған ауылы, Жеткіншек мөлтек ауданында жеке инвесторлар есебінен салынып жатқан 2 қабатты 3 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Әр үйде 8 пәтерден, жалпы 24 пәтер қарастырылған. Сондай-ақ, аудан орталығында екі пәтерлі 26 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Одан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның демеушілігімен 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлерде 16 пәтер орналаспақ. Осылайша, аудан орталығындағы салынып жатқан жаңа пәтерлердің саны 92-ны құрайды. Одан бөлек, аудандағы Құмкент ауылында құрылысы жүріп жатқан «Сауда керуені» атты тақтайша мен Құмкент ауылдық округі аппаратының күрделі жөндеуден өтіп жатқан әкімшілік ғимараты да бой көтеруде.
Созақ жеріндегі қарт Қаратаудың батыс сілемдерінде орналасқан Ақсүмбе елді мекені — кезінде әйгілі қала болған. Қала орнынан 500 метрдей жерде қаламен бірге ХІІ ғасырда салынған Ақбикеш мұнарасы орналасқан. Тарихи деректерде Ақбикеш мұнарасы Әмір Темірдің Тоқтамысқа қарсы жорықтарында Дешті қыпшақ даласын бақылап отыру үшін қарауыл мұнарасы ретінде пайдаланылғаны айтылады.


