Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтауды, оларды жоюды жүктегенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді, инвестициялық жобаларды арттыруды тапсырған. Осыған орай, Төлеби ауданында кәсіпкерлік саласы дамып, бірқатар маңызды жобалар қолға алынған. Қарқынды жұмыс күн санап артып, нәтижесін беруде. Ауданда 2025 жылы жеке инвестиция есебінен 100 жоба іске асып, оның құны 17,9 млрд теңгені, ашылатын жұмыс орны 633-ты құрайды деп жоспарлануда. Аймақта шағын және орта бизнес өкілдері өңірдің экономикалық дамуына үлестерін қосып, инвестициялық жобаларға ден қойған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданына барып, өндіріс орындарының жұмысын бақылады. Кәсіпкерлермен жүздесіп, өңірде өндіріс саласын дамыту жолында жан-жақты қолдаулар болатынын айтты. «Басты мақсатымыз – инвесторлармен ашық диалог орнатып, кәсіпкерлікті дамытуға кедергілер болса, бірлесе отырып заң аясында шешу»-деді Нұралхан Көшеров.
Алдымен аймақ басшысы Киелітас ауылындағы битум өнімдерін шығаратын «QazaqBitum Processing» ЖШС нысанын аралап көрді. Кәсіпорын жетекшісі нысанның жұмыс жүйесін тарқатып, алдағы жоспарын баяндады. Зауыт 2011 жылы іске қосылған, 2022 жылы модернизациялау жүйесінен қайта өткен. Бүгінде мұнда автокөлік жолдарына арналған битум өнімдері шығарылады. Кәсіпорын тәулігіне 1000 тонна, ал жылына 300000 тонна зат өндіруге қауқарлы. Зауытта 140 адам жұмыс істейді. Мұнда ішкі және сыртқы экспорт ісі дамыған. Өнімдер республикадан бөлек Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне жөнелтіледі.
Одан кейін облыс әкімі Ленгір қаласында орналасқан тігін цехының жұмысымен танысты. Аралау барысында жұмыс жүйесіне оң баға беріп, бұл салаға жан-жақты қолдау болатынын жеткізді. Мұнда жылына 250 мыңға жуық арнайы жұмыс формасы тігіледі. Кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді. Цехта тігілген формалар еліміздің бірқатар өңірлеріне және Ресей мемлекетіне экспортталады. Аудан автивімен кездескен өңір басшысы, 2025 жылдың 6 айында ауданға негізгі капиталға 20,3 млрд. теңге инвестиция тартылғанымен, бүгінгі таңда бірқатар ауылдық округ әкімдері жоспарды орындамаған. Осы ауыл округтерінің әкімдері мен салаға жауапты орынбасар жұмысты ширатсын. Аудан орталығы Ленгір қаласы қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Яғни, инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашуға барлық жағдай жасалған. Алайда Ленгір қаласында соңғы жылдары жаңадан бірде-бір инвестициялық жоба іске асырылмаған. Жұмысты ширатыңыздар. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы іске асырылуда. Бұл – уақытша науқан емес екенін, аталған маңызды жоба жыл бойы өз жалғасын табатынын үнемі айтып жүремін. Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет. Осы бағыттағы жұмыстарды да жүйелеу керек, – деген Нұралхан Көшеров аймаққа инвестиция тарту, туризмді дамыту, өзіндік кіріс көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де мәселелер бойынша тапсырмалар берді.
Жалпы Төлеби ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 6 айдың қорытындысымен 70,8 млрд. теңгеге жетіп, өсім 39 пайызды құрады. Жалпы өңірлік өнімнің 53,3%-ы өнеркәсіп, 20,4%-ы ауыл шаруашылығы, 18,4%-ы сауда және 7,9%-ы құрылыс салаларына тиесілі. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 6 айда 480 мың теңгеге жетіп, өсім 39 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 37,7 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 107,9 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 34 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 10,7 пайызға артқан. 2025 жылы өнеркәсіп саласында жалпы құны 6,5 млрд. теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба іске асып, 180 жаңа жұмыс орындары құрылады.
Айта кетейік, ауданда ауыл шаруашылығы саласында: балық және құс шаруашылығын дамыту, тамшалытып суару әдісін қолдану, жеміс-жидекті өңдеп, саумалмен сауықтыру орнын іске қосу бағытында 40 жобаның құжаты әзірленуде. Сондай-ақ, өсімдік майын өңдеу, мал бордақылау алаңшасы, сүт өңдеу тауарлы сүт фермасын ашу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, Төлеби ауданының инвестициялық әлеуетті көтеру мақсатында Киелітас ауылдық округінен 14 гектар жерге шағын өндірістік парк салу жоспарлануда.


