Мақсатымыз, жерді тиімді пайдалануды қолға алу.
Сарыағаш ауданының жалпы жер көлемі 417 243 гектарды құрайды. Оның ішінде: ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 339 680 гектар, елді мекендердің жерлері – 53 796 гектар. Бұдан бөлек өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және өзге де ауыл шаруашылығына қатысы жоқ мақсаттағы жерлер – 5 074 гектар, су қорының жерлері – 889 гектар, ал босалқы жерлер – 18 678 гектар. Бұл туралы, Сарыағаш аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытсейіт Әуезов мәлім етті.
Аудан бойынша 2025 жылдың 9 айына түскен қаржы көлемі, уақытша жалға беруден 13 342 млн теңге бір жылға жоспарланып, есепті айға нақты орындалғаны 8 558,7 млн теңгені құраған. Ал жер учаскелерін жеке меншікке сатудан 74 124 млн теңге бір жылға жоспарланып, есепті айға нақты түсім 164 118 млн артығымен орындалған.
- Біздің мақсатымыз жерді игеру, тиімді пайдалануды қолға алу. Бізге тұрғындардан арыз-шағымдар толассыз келеді. 2025 жылдың 9 айында 3465 хат келіп түсіп, олардың 3215 орындалған, 250 — і қаралу үстінде. Арыз-шағымдар бойынша 2025 жылдың 9 айында 339 өтініш тіркелді. Мемлекеттік қызмет көрсету бағытында да қарқынды жұмыс бар деп атап өтуге болады. Мәселен, ағымдағы жылдың 9 айында бұл көрсеткіш 2272 құрады. жердің нысаналы мақсатын өзгертуге биылғы жылы 16 өтініш қабылданып, барлығы қанағаттандырылған. Іздестіру жұмыстарына рұқсат беру бойынша 6 өтініш қаралып, тиісті рұқсаттар берілді. Ауданда жерді заңдастыру бойынша арнайы комиссия жұмыс жасайды. Комиссияның аясында 2025 жылдың тоғыз айында 887 өтініш комиссия қарауына ұсынылып, оның 689-іне оң қорытынды алды және 198-не дәлелді бас тартылған-деді, Бақытсейіт Бәкірұлы.
Сарыағаш ауданында 9 айлық жоспарға сәйкес, жайылым жерлерді қайтару 7476 гектар болып бекітіліп, бүгінде оның 7 402 гектары нақты қайтарылған. Жер учаскелерінің шекарасын өзгерту бойынша Құркелес ауылдық округіне қарасты Береке елді мекенінің шекарасы кеңейтіліп, оған ауыл шаруашылығы мақсатындағы қосымша 76,88 гектар жер енгізілген. Нәтижесінде елді мекеннің жалпы аумағы 200,98 гектарды құраған.
Ірі жобалар мен инфрақұрылым жұмыстары бойынша ауданда жүзеге асырылып жатқан жобалар қатарында «Сарыағаш қаласы айналма жолы» 1А санатындағы жобаланатын автожол құрылысы мен Дарбаза – Өзбекстанмен мемлекеттік шекара темір жол желісінің құрылысын салу. Темір жол жобасының жалпы ұзындығы 155,5 шақырым болса, оның ішінде Сарыағаш ауданы аумағынан ұзындығы 23,6 шақырым жалпы алаңы 148,9682 гектар құрап отыр. Аудан әкімдігінің мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүліктерді мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы қаулы қабылданып 29 заңды және жеке тұлғаға хабарлама берілген. Нәтижесінде 24 жер учаскесі мемлекет мұқтажына қайтарылған.


