ҚР вице-премьер министрі Қанат Бозымбаевтың тұрғын үйлерге, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың үйлеріне, жатақханалар мен хостелдерге өрт қауіпсіздігі ережелерінің сақталуы бойынша тексеріс жүргізу туралы төтенше жағдайлар минстрлігі мен жергілікті әкімдіктерге берген тапсырмасы аясында Жетісай ауданында кезекті рейд өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Нұркен Әлмеш жетекшілік еткен шараға қала әкімі мен кент, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері мен аудандық полиция бөлімінің инспекторлары, газ инспекциясы мекемесінің қызметкерлері қатысып, аудан аумағындағы жеке және көппәтерлі тұрғын үй секторларының жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, түссіз газдан уланудың алдын алу, адам шығынын болдырмау, жылыту пештерін пайдаланудың техникалық талаптары мен ережелерін қатаң сақтау мәселелері түсіндірілді. Үнпарақшалар таратылды.
Рейд барысында жылыту маусымы басталғалы жүргізілген түсіндірме жұмыстарына қарамастан тұрғындар тарапынан әлі де болса рұқсат етілмеген жылыту пештерін пайдалану, түтін мұржаларының талапқа сай келмеуі, ақауы бар электр сымдары мен розеткаларды пайдалану жәйттері анықталып, хаттамалар толтырылды.
«Баршамызға мәлім болғандай, газ және электр аспаптарын пайдалануда салғырттық таныту – өртпен байланысты қайғылы жағдайға алып келеді, сондықтан, күнделікті тұрмыстағы қарапайым өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау әрбір азаматтың денсаулығы мен өмірінің, мүлкінің кепілі.
Мұндай тексеріс жұмыстары аудан аумағында ұдайы жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да жалғасын табатын болады» дейді аудан әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы.
Арнайы мамандар тарапынан анықталған кемшіліктер бойынша біріншісінде хаттама толтырылып, ескерту жасалады. Кемшілікті жою бойынша белгілі уақыт белгіленеді. Айтылған уақытта кемшіліктер жойылмаса табиғи газ немесе электр жарығын беру тоқтатылып, айыппұл салынатын болады.
Бұған дейін, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зулфухар Жолдасовтың төрағалығымен Жетісай ауданы Алғабас елді мекеніндегі жеке тұрғын үй секторында орын алған қайғылы жағдайға байланысты құрылған жұмысшы топтың жедел құрылған болатын. Құрылған жұмысшы топпен ауданда жиын болып өтті. Аталмыш жиынға Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен бірқатар басқарма басшылары, құзырлы орган өкілдері қатысты. Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандары Жетісайдағы 12 адамның қазасына алып келген өрттің орын алуы тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі ережелерінің әлі де толық сақталмауы салдарынан екенін алға тартты.
Мұндай қайғылы жағдайлардың қайта орын алуына жол бермеу мақсатында Зулфухар Сансызбайұлы барлық аудан-қала әкімдеріне, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді. Облыс әкімінің орынбасары бірінші кезекте өрттен зардап шеккен азаматтар мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмектің – материалдық қолдау, медициналық көмек пен тиісті әлеуметтік қызметтердің жедел жұмысымен қамтылуын, төтенше жағдайлар қызметіне өрттің алдын алып, халықтың қауіпсіздігін қорғау мақсатында жергілікті органдармен облыс аумағыгда жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, хаттамалық тапсырмаға сәйкес барлық аудан-қалаларда әкімдіктер мен полиция қызметкерлері жеке тұрғын үй секторлары мен көппәтерлі үйлерді, кәсіпкерлік нысандар мен жатақханаларды аралап, тексерістерді, газды қауіпсіз қолдану үшін алдын алу шараларын күшейтіп, газ инспекциясының жұмысы қатаң қадағаланатын болады. Ал, облыстық қоғамдық даму басқармасы мен жергілікті әкімдіктерге медиа және әлеуметтік желілерді пайдалана отырып газдан уланудың алдын алу, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, апатты жағдайларда жасалатын іс-қимыл алгоритмін түсіндіру жұмыстары тапсырылды. Басқосу соңында Зулфухар Жолдасов берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуын өз бақылауында ұстайтынын ескертті.
Айта кетейік, Жетісай ауданына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының қызметкерлері іс-сапармен келіп, жылыту маусымының қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген болатын..
Сапар барысында олар аудан аумағында атқарылып жатқан профилактикалық шаралармен танысып, алдағы кезеңге нақты тапсырмалар берді. Іс-шараға аудандағы жергілікті атқарушы органдармен Газ инспекциясы, «QazaqGazAimaq»AҚ мекемесінің қызметкерлері де қатысып, тұрғындарға тұрмыстық өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, улы газдың алдын алу жөнінде кеңестер берді. Іс-шараның басты мақсаты — газдан уланудың, қауіпті жағдайлардың алдын алу болып табылады.


