Сіздерді еліміздің қастерлі әрі ұлық мерекесі 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік – біздің рухани тірегіміз, болашағымыздың берік негізі. Бұл күн – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы орындалған, егемен еліміздің туы желбіреген тарихи сәт. 16 желтоқсан – ұлт болашағы үшін шейіт болған, адал еңбек еткен қаһармандар мен тұлғаларды еске алып, рухына тағзым ететін күн.
Өйткені осы бейбіт заман мен азат елдің дамуында мыңдаған тұлғалардың еңбегі жатыр. Сол еңбек пен ерліктің нәтижесінде Тәуелсіздік тұғырына қонған ел болдық.
Тәуелсіздік жылдары елімізде барлық салада ауқымды өзгерістер болды. Түркістан облысы да осы даму жолында табысты қадам жасап келеді. Өңірімізде өндіріс өркендеп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым мен туризм салаларында нақты нәтижелер бар.
Мұның бәрі – халқымыздың бірлігінің, табанды еңбегінің жемісі. Ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген баршаңызға зор алғысымды білдіремін.
Тәуелсіздік – біздің бойтұмарымыз. Тәуелсіздік – талай тар жол, тайғақ кешуден өткен халқымыздың қолына қонған бақыт құсы. Сондықтан тарих тағылымын ұрпақ жадында жаңғыртып, азаттығымыздың қадірін терең түсіну – әр азаматтың борышы.
Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, бақ-береке тілеймін! Тәуелсіздігіміз баянды, елдігіміз берік болсын! Еліміз аман, халқымыздың бірлігі бекем болғай!
Құрметпен:
Түркістан облыстық мәслихат депутаты М.Тұрысбеков!


