Түркістан облысының басшысы Нұралхан Көшеров өңірдің әлеуметтік — экономикалық көрсеткіштер мен индикаторларды сапалы орындау – басты міндет екенін айтып келеді.
Осыған орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Түркістан БГҚ» ЖШС-ның Басқарма төрағасы Ұлан Бүркітовпен кездесті. Кездесуде Сайрам ауданында қуаттылығы 1000 МВт болатын бу-газ электр станциясын салу стратегиялық инвестициялық жобасының іске асырылу барысы талқыланды.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров Түркістан облысының экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін аталған жобаның маңыздылығын атап өтіп, станция құрылысы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы аясында жүргізіліп жатқанын және облыс басшылығының тұрақты бақылауында екенін жеткізді.
«Түркістан БГҚ» компаниясының Басқарма төрағасы Ұлан Бүркітов жобаның 2025 жылғы іске асырылу қорытындылары туралы хабардар етіп, негізгі технологиялық кезең – күштік жабдықтарды монтаждауға көшкенін хабарлады. Атап айтқанда, жыл соңына қарай станцияның негізгі корпусындағы уақытша тіректердің екі газ турбинасы мен генераторлары сәтті орнатылды. Жобалау, логистика және жабдықтарды монтаждау бойынша жұмыстардың барлық кешенін «Doosan Enerbility» және «Integra Construction KZ» ЖШС компанияларынан құралған халықаралық консорциум жүзеге асыруда.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі құрылысты сапалы әрі уақтылы аяқтау қажеттігіне назар аударды және жергілікті атқарушы орган тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендірді. Осы ауқымды жобаны іске асыру оңтүстік өңірінің энергия қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашу және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту арқылы облыстың әлеуметтік- экономикасына қуатты серпін береді деп күтіліп отыр. Айта кетейік, биылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысымен облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Қысқа мерзімді экономикалық өсім 114,4%-ды құрап, өңір республика бойынша 3 орынды иеленді. Өнеркәсіп өнім көлемі 1,4 трлн теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 12,5%-ға артқан.
Сонымен қатар, жоспарға сәйкес 2026 жылға облыстық бюджет көлемі 1,3 трлн теңгені құрап отыр. Бюджет шығыстарын қалыптастыру барысында бірінші кезекте міндетті әлеуметтік төлемдерді толық қарастырылған. Сондай-ақ құрылысы басталған нысандардың мерзімдерінің созылып кетпеуіне және бағасының қымбаттауына жол бермеу мақсатында осы жобаларды аяқтауға өңірде басымдық берілген. Мемлекет басшысы биыл экономиканың өсімін 7 пайызға жеткізуді тапсырған. Осы тапсырма аясында облыста атқарылған кешенді жұмыстардың нәтижесінде өңірдің экономикалық өсімі 114,8 пайызды құрап, республикада жоғары көрсеткішке ие. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсімі қалыптасқан. Экономикаға 1,4 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құраған. Сонымен қатар, облыста ағымдағы жылы жұмыс орындары, зауыттар мен кәсіпорындар ашылып, жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызға түскен.


