Түркістан облысына қарасты Сауран ауданы, Ибата ауылында 128-ші ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін уақытша атқарушы Бағдат Чайзада, Сауран ауданы әкімдігінің өкілдері және ауыл тұрғындары мен жергілікті бизнес өкілдері қатысты.
«Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жаңа пункт 10 000-ға жуық тұрғыны бар Ибата, Шоқтас және Ойық ауылдарының өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осыған дейін, естеріңізде болса Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Созақ ауданының Бақырлы ауылында жаңа ерікті өрт сөндіру пунктін (ЕӨҚҚ) салтанатты түрде ашылған болатын. Аталған нысан ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің бір бөлігіне айналып, жалпы саны шамамен 6,8 мың адамды құрайтын екі елді мекенде төтенше жағдайларға жеделден қоюға мүмкіндік береді.
Ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде министр Шыңғыс Әрінов ерікті өрт сөндіру құралымдарын дамыту мен олардың шалғай ауылдардағы санын арттыру министрліктің басым бағыттарының бірі екенін атап өткен еді. Мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестік қауіпсіздік инфрақұрылымын құруда және халықты төтенше жағдайлардан қорғауда маңызды рөл атқарады. Біз еріктілерге толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік жасау үшін техника, киім-кешек, байланыс құралдары мен қажетті жабдықтарды береміз, деген.
ТЖМ басшысы кәсіпкерлер қауымдастығының қатысуы «Ауыл құтқарушылары» желісін дамыту мен өңірлердегі қауіпсіздік деңгейін арттырудың маңызды факторларының бірі екенін де атап өткен.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев төтенше жағдайлардың санын азайту, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстарды күшейтуді тапсырған болатын. Облыста осы тапсырма аясында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шеңберінде Түркістан облысында 5 жаңа өрт сөндіру бекеті салынды. Солардың қатарында Қарамұрт, Құтарыс және Бөген бекеттері де бар. Бұл нысандар аймақ тұрғындарын өрт және басқа да төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған. Осындай бекеттердің ашылуы – азаматтардың өмірі мен мүлкін сақтаудың кепілі. Өрт сөндірушілердің еңбектері – ерлікке пара-пар. Күн сайын қауіптің ортасында жүріп, халықтың амандығын күзетеді.
Түркістан облыс әкімдігі әрқашан қрт сөндіру қызметкерлерінің қызмет жағдайларын жақсартуға, техникалық базаны нығайтуға және бұл салаға тұрақты қолдау көрсетуге басымдық береді. Соңғы 2 жылда төтенше жағдай қызметіне облыс бюджетінен 30-ға жуық техника алынған. Сондай-ақ Сауран және Төлеби аудандарында жалпы құны 1 млрд 612 млн теңгені құрайтын екі өрт сөндіру бөлімі пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып келеді. Жаңа өрт сөндіру бекеттері техникамен және арнайы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қажетті штаттар бекітілген.
Айта кетейік, Облыс бойынша «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы шеңберінде барлығы 32 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған. Соның бесеуі биыл тапсырылды.
Айта кетейік, ТО Полиция департаменті және ТО Төтенше жағдайлар департаменті бастықтарымен бекітілген пиротехникалық заттарды сату және сақтау тәртібіне бақылау жүргізу бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес қаладағы базар және сауда орындарында рұқсатсыз сатылып жатқан пиротехникалық заттар анықтау жұмыстары жүргізілуде. Үгіт-насихат, рейдтік жұмыстары 2026 жылдың қаңтар айының 5-не дейін жалғасын табады. Сонымен қатар, Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінде заңдылықты, тәртіпті сақтау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде. Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық органдарындағы қызметтік-еңбек тәртібінің жағдайы бойынша шолулар барлық қызметкерлердің назарына жеткізілуде.
Облыс аумағында 42 өрт сөндіру депосы бар. Алдағы уақытта 31-депо салу жоспарда бар.
Төтенше жағдайлар қызметкерлерінің басты мақсаты– әрбір ауылдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету!


