Түркістан облыстық мәслихатының жанынан құрылған Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының комиссиясы Түркістан қаласында құрылыс нысандарының заңдылығын зерделеу мақсатында арнайы жұмыс жүргізуде. Комиссия мүшелері құрылыс нысандарын аралап, мердігер компаниялардың басшыларымен кездесіп, құрылыс талаптарының сақталуы, рұқсат құжаттарының сәйкестігі және жұмыс барысы жөнінде сұхбаттасты.
Аталған жұмыс аясында «Ауыл» партиясы Түркістан облысы бойынша өңірлік филиал төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Қалмұратов Төрегелді Оразалыұлы комиссия мүшелерімен бірге PRIME BUILDER құрылыс компаниясының жұмысымен танысты. Кездесу барысында құрылыс сапасы, нысандардың заң талаптарына сәйкестігі және құрылыс қарқыны талқыланды.
Комиссия тарапынан заң талаптарын қатаң сақтау, құрылыс сапасына ерекше назар аудару қажеттігі атап өтілді. Бұл жұмыстар өңірдегі құрылыс саласының ашықтығын қамтамасыз етуге және заңсыз құрылыстардың алдын алуға бағытталған.


