Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарынан құрылған жалпыұлттық коалиция мүшелері Жетісай ауданында орналасқан «Кулпаршын» ЖШС ұжымымен басқосу өткізіп, қабылдануы жоспарланып отырған жаңа Конституция жобасы жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Жиынды облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов ашып, елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың маңыздылығына тоқталып, мұндай талқылаулардың қоғам үшін мәні зор екенін атап өтті.
Іс-шара барысында “Ауыл” партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Төрегелді Қалмұратов баяндама жасап, жаңа Конституцияда қарастырылған негізгі өзгерістер мен жаңашыл бастамалар туралы кеңінен мәлімет берді.
Басқосу барысында кәсіпорын қызметкерлері өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салып, ашық форматта пікір алмасты. Қатысушылар ұсынылып отырған өзгерістерге қолдау білдіріп, белсенділік танытты.
Мұндай кездесулер қоғам өкілдерімен ашық диалог орнатып, елдегі маңызды реформаларды бірлесе талқылауға және халықтың пікірін ескеруге мүмкіндік береді.


