Түркістан облысы күн санап көркейіп, келбеті жаңарып келеді. Шаһар ажарын айқындайтын заманауи ғимараттар мен жайлы көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы қарқын алған. Әсіресе Жаңа Қала аумағында бой көтеріп жатқан нысандар мен тынымсыз еңбек етіп жатқан құрылыс техникалары өңірдің өркендеуін айқын аңғартады.
Бүгінде Түркістан облысы құрылыс басқармасының тапсырмасына сәйкес, қаланың көркін аша түсетін 8 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. «КазЭлитСтрой 2050» ЖШС жүзеге асырып жатқан бұл жоба аясында 810 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Құрылыс саласында он жылдан астам тәжірибесі бар компания нысанның сапасы мен қарқынын басты назарда ұстап отыр.
Құрылыс алаңында 350-ге жуық жұмысшы еңбек етуде. Олардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіліп, барлық талаптар сақталған. Алдағы уақытта әрлеу, сырлау және көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады. Өткен жылы басталған құрылыс нысандарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Пайдалануға берілгеннен кейін тұрғын үйлер кезекте тұрған азаматтарға табысталмақ.
«КазЭлитСтрой 2050» ЖШС учаске бастығы Ербол Әлімбековтің айтуынша, бір тұрғын үйді 7–8 ай ішінде пайдалануға беру мүмкіндігі бар. Себебі құрылыс жұмыстары заманауи конструкциялық әдістер арқылы қарқынды жүргізілуде.
Түркістан – рухани астана. Сондықтан мұнда салынатын әрбір нысанның тек саны емес, сапасы да айрықша мәнге ие. Бұған дейін де қалада бірқатар тұрғын үй құрылыстарын жүзеге асырған «КазЭлитСтрой 2050» ЖШС-нің бүгінгі жұмысы да сенім үдесінен шығып, көрікті әрі сапалы тұрғын үйлер бой көтеретініне негіз бар.
Толығырақ бейнематериалдан тамашалаңыз!


