Құрметті отандастар!
Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мереке – біздің ең асыл қазынамыз, ел игілігі жолындағы жарасымды ынтымағымыз бен берік бірлігіміздің айқын көрінісі. 1996 жылдан бері аталып өтіп келе жатқан айтулы күн Қазақстанды мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің татулығын, сан алуан мәдениет пен дәстүрдің өзара құрметін дәріптейтін ерекше мейрамға айналды.
Тәуелсіз еліміздің барлық жетістіктері мен толағай табыстарының берік негізі – татулық пен тұтастық. Әр түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бас қосып, бір тудың астында біріге отырып, бүгінгі еңселі елді, іргелі мемлекетті қалыптастырды. Тағдыр тоғыстырған сан түрлі ұлт өкілдері қасиетті қазақ жерінде бір үйдің баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Бұл – баршамызға ортақ мақтаныш, ортақ байлық.
Дана халқымыз «Татулық – таусылмас бақыт» деп бекер айтпаған. Біз – бейбітшіліктің қадірін терең түсінетін, бір-біріне жанашыр, қиын сәтте қол ұшын созуға әрдайым дайын халықпыз. Бұл – біртұтас ұлтымыздың бойына сіңген асыл қасиет. Осы игі дәстүрді көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету – баршамыздың қасиетті борышымыз.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан жүйелі жаңғыру үдерістері бірлігімізді одан әрі нығайтып, жаңа биіктерді бағындыруға жол ашады деп сенемін.
Баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, әр шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін!
Ізгі тілекпен,
Түркістан облыстық мәслихат депутаты Нұржан Сейтжанов!


