Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров италиялық «Magister Art» компаниясының президенті Ренато Сапоритомен кездесті. Кездесу барысында Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына айрықша назар аударылды. Нақтырақ айтқанда құрылыс, экономика, мәдениет, креативті индустрия және халықаралық ынтымақтастық бағытындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімі Түркістан өңірінің рухани құндылықтары мен тарихи-мәдени мұрасын таныту, туризм әлеуетін арттыру және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ өңірде туризмді дамыту және инвестиция тартуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.
– Тарихи Түркістанға қош келдіңіздер. Өңірімізде инвестиция тарту, өндірісті дамытуға басымдық берілген. Оған қоса туризм мен мәдениет, рухани құндылықтарымызды насихаттайтын руханият салалары да назарда тұр. Жаңа сәулеттік жобалар, жаңа бағыттар бойынша ұсыныстарды талқылауға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Ренато Сапорито: «Уақыт бөліп, арнайы қарсы алғандарыңызға рахмет. Қазақстанға келген сайын өзімді бақытты сезінемін. Қарқынды дамып келе жатқан ел. Ұсыныстарды қарастырып, көмегімді көрсетуге, әріптестік орнатуға ниеттімін», деді.

Кездесу барысында Түркістан облысында мәдени-туристік жобаларды жүзеге асыру, тарихи нысандарды цифрлық форматта таныту, халықаралық көрмелер ұйымдастыру және шығармашылық индустрияны дамыту мәселелері айтылды. Қос тарап алдағы уақытта өзара ынтымақтастықты нығайтып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруға уағдаласты.
Айта кетейік, «Magister Art» – цифрлық технологияларға басымдық беретін, мәдени және креативті индустрия саласында жұмыс істейтін инновациялық компания. Компанияның негізгі миссиясы – ұлттық мәдени мұраны насихаттау және кеңінен таныту. «Magister Art» компаниясының бас кеңселері Милан мен Рим қалаларында орналасқан және халықаралық операциялық бөлімшелері бар. Компания «Дизайн және архитектура», «Медиа», «Бренд дизайны және коммуникациялар», «Операциялық қызмет», «IT» және «Редакциялық әрі бизнес-стратегиялар» секілді негізгі департаменттері арқылы кең ауқымды кешенді шешімдер мен «дайын жоба» форматындағы жобаларды әзірлеп, жүзеге асырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазіргі заманда азаматтардың шығармашылық әлеуетіне және зияткерлік капиталына арқа сүйейтін «креативті өндіріс» салалары шынайы инклюзивті экономиканы дамытудың қайнар көзі саналады. Бұл аз десеңіз, креативті экономика дарынды әрі шығармашыл адамдарды өзіне тартатын ірі қалалардың дамуына ықпал етуші күшке айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Креативті индустрияның ішкі жалпы өнімдегі үлесі бір пайызға да жетпейді, жұмыспен қамту саласындағы үлесі өте төмен. Дегенмен дарынымен бүкіл әлемді мойындатып жүрген отандастарымыз аз емес. Біз елімізде креативті экономиканың жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасауымыз керек. Соның ішінде зияткерлік меншікті қорғайтын құқықтық тәсілдер қажет. Бұл – өте маңызды мәселе» деген еді.
Бүгінде көптеген дамыған мемлекет креативті индустрия арқылы туризм, сауда, білім беру секілді салаларды да қатар дамытып отыр. Мысалы, Ұлыбритания үкіметінің 2020 жылғы мәліметі бойынша, креативті салалар экономикасы 2018 жылы жылғыға қарағанда 7,4 пайыз өскен, бұл жалпы экономиканың өсу қарқынынан 5 есе көп. Сонымен қатар шығармашылық салаларда, әдетте табыс орташадан жоғары, мысалы, шығармашылық салалардағы жалақы мен АҚШ-тағы жеке сектордағы орташа жалақы арасында 34,9 пайыз айырмашылық байқалса, Аустралияда да шығармашылық жұмысшылардың орташа табысы елдегі орташа табыстан 31 пайызға жоғары екен. Тағы бір маңызды фактор – креативті экономика кез келген қоғамдастық үшін салыстырмалы түрде қолжетімді, өйткені ол нақты табиғи ресурстарды, қолайлы географиялық орынды немесе бәсекелестік артықшылықтың басқа сыртқы факторларын қажет етпейді. Ол үшін тек білім мен талант қажет. Мемлекеттің де өз кезегінде бұл салаға айрықша қолдау көрсетуге мүдделі болып отырғаны қуантады.
Кездесу қорытындысында тараптар Түркістан облысында мәдени-туристік және инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың нақты тетіктерін қарастыруға, өзара тәжірибе алмасуға және ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестікті нығайтуға уағдаласты. Бұл ынтымақтастық Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын, рухани құндылықтарын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға, креативті индустрияны дамытуға және жаңа инвестициялар тартуға тың серпін береді деп күтілуде.


