Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті мәжілісі өтті. Жиынға құқық қорғау органдары мен жауапты басқармалардың басшылық құрамы және аудан, қала әкімдігінің жауапты өкілдері қатысты. Өткен жылы атқарылған жұмыстар, биылғы 4 айдағы көрсеткіштер сараланып, алдағы жоспарлар бекітілді. Мәжілісті Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жүргізіп, жауаптыларға жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.
– Балалардың құқығын қорғау, қауіпсіздігін сақтау – аса маңызды міндет. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылды. Дегенмен әлі де кемшілікке жол беріп отырған аудандар бар. Реттеңіздер. Жасөспірімдер арасындағы суицид пен ерте жүктіліктің алдын алу бағытында жұмысты жандандыру керек. Мектептердегі психологтардың жұмысын жүйелеу қажет. Соныман қатар алда ҰБТ тапсыратын сәт жақындап келеді. Жасөспірімдермен тиісті жұмыс жүргізіп, қауіпсіздігін қадағалау қажет. Балалардың мереке күндеріндегі және жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Күн тәртібінде балалардың қауіпсіздігін сақтау, ерте жүктілік пен суицидтің алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықты алдын алу, мүгедектігі бар балалардың отбасылық, әлеуметтік жағдайы, сондай-ақ «Соңғы қоңырау» мерекесі мен жазғы демалыс кезеңіндегі қауіпсіздік талаптары және мектеп психологтарының жұмысын жетілдіру талқыланды. Мәжілісте жауапты өкілдердің есебі тыңдалды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық деректері көп тіркелген аудандардың есептері тыңдалып, нақты міндеттер жүктелді.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстарды назарға алып, аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ өзекті мәселелер бойынша тиісті мекемелер тарапынан нақты шаралар қабылданып, олардың орындалуы тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.
Әрбір ата-ананың басты міндеті – өз баласын тәрбиелеу. Ата-ана қамқорлығының болмауы, отбасындағы жайсыз ахуал, баланың лайықты материалдық қамтамасыз етілуінің болмауы, олардың жүріс-тұрысына бақылау жасалмауы жасөспірімнің қоғамға жат әрекет жасауына себеп болуы мүмкін. Балалар мен жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ олардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында немесе үйден тыс жерлерде ата-анасының немесе заңды өкілінің еріп жүруінсіз жүруіне жол бермеу керек. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың алдын алу әдістерін, хабардар болуын арттыруды, психологиялық қолдау, балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуына жол бермеу бағытында атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстардың жай-күйі бүгінде өзекті тақырып. Балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – баршаға ортақ маңызды міндет. Сала мамандарына профилактикалық шараларды күшейту, ведомствоаралық байланысты нығайту және әрбір жағдайды жіті бақылауда ұстау бойынша нақты тапсырмалар жүктелді. Әкімдік тарапынан кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және балалардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.
Айта кетейік, Бала – еліміздің болашағы, өміріміздің жалғасы. Оларды түрлі төтенше жағдайлардан қорғау аға буынның міндеті. Баланың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-ана жауапты. Ата-ана балаға дұрыс пен бұрысты, жолда жүру ережелері мен қауіпсіздік жайлы ескертуі тиіс. Білім беру мекемелері де бала қауіпсіздігіне жауапты. Мұғалімдер мен мектеп әкімшілігі оқушылардың мектептегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Баланың өзін қорғауға, қауіпті жағдайларды тануға және олардан аулақ болуға үйренуі де маңызды. Мысалы, рұқсат етілмеген жерге суға түсуге, қауіпті заттарды ұстамауға, терезенің алдына шықпау секілді тыйым салынған іс-әркеттерді істемеуді ата-ана қадағалауы керек.
Қорыта айтқанда, бала қауіпсіздігі – ата-ана мен қамқоршылар үшін басты міндеттердің бірі болуы керек. Кез келген қауіп-қатерді алдын ала анықтап, оларды болдырмау үшін тиімді шаралар қабылдау өте маңызды.


