Рухани құндылықтарды дәріптеу және кітап оқуға деген қызығушылықты арттыру мақсатында кітап көрмесі ұйымдастырылды. Түркістан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Кітап оқитын ұлт – зерделі қоғам» атты ұлттық құндылықты насихаттайтын рухани-мәдени шара өтті. Алқалы жиынға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, сөз сөйледі.
– Қадірменді зиялы қауым! Ардақты әлеумет! Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойғаны баршаңызға мәлім. Бүгінгі келелі жиын – осынау бірегей бастаманы жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Кітап – ақылына ақы сұрамайтын дос. Кітап – өркениет құндылықтарын бүгінге жеткізген, ұлттық құндылықты насихаттап және де келешекке аманат ететін аса құнды қазына. Бүгінгі жиын төрінде аға толқын зиялы қауым өкілдері отыр. Жетекші буынның ізін жалғаған жастар қатысуда. Алдымызда отырған ата-әжелеріміз бен ағаларымыз – кітаппен тәрбиеленген буын. Өскелең ұрпақ осынау өнегелі дәстүрді жалғастыруы қажет деп есептеймін, — деді қала әкімі.
Қонақтар кітап көрмесін тамашалап, сөреге қойылған құнды еңбектермен танысты. Ақыл-ой айнасына айналған құнды кітаптар арасында Фараби мен Ясауи кезеңінің еңбектері, мемлекеттігіміз дәуірлеген кезең мен тәуелсіздік таңында жазылған кітаптар назарға ұсынылды. Замана жаршысына айналған құнды кітаптар да сөреден орын алды. Рухани шараның екінші кезеңі Рух сардарына арналды. Ұлт руханиятының ұлықпаны – Өзбекәлі Жәнібеков тұлғасына арналған «Өзбекәлі Жәнібек кім?» аталатын ғұмырнамалық кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құлбек Ергөбектің қаламынан туған тың туынды таныстырылды.
Рәсімді кіріспе сөзбен ашқан Әзімбек Пазылбекұлы:
– Өзбекәлі Жәнібек – халқымыздың жоғын түгендеп, барын бағалаған, ұлттық құндылықтарды сақтап, оларды келер ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек еткен бірегей тұлға. Бүгінде мақтан тұтатын көптеген тарихи-мәдени мұралардың қайта жаңғыруында оның қолтаңбасы бар. Әсіресе, қасиетті Түркістанның тарихи келбетін сақтап, рухани мәртебесін арттыру бағытындағы еңбегі кейінгі буын үшін үлкен өнеге. Сондықтан Түркістан жұртшылығы Өзбекәлі Жәнібек есімін әрдайым құрметпен атайды.
Құлбек Сәрсенұлының толымды еңбегі – Рух сардарының тұлғасын тани түсуге жолбасшы болатын құнды кітап деп білемін, — деді. Қатысушылар аталған кітаптың тарихи тұлғаның тағылымды мұрасын кеңінен насихаттап, оны жас ұрпаққа танытудағы маңызы зор екенін атап өтті. Түркістан төріндегі рухани іс-шара көкжиекті кеңейткен келелі кеңес ретінде ерекшеленді.
Көрмеде халқымыздың тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын насихаттайтын құнды әдебиеттер көпшілік назарына ұсынылды. Кітап – адамзаттың ақыл-ой қазынасы ғана емес, рухани кемелденудің, білім мен парасатқа бастар алтын көпірі.
Ұлттың болашағы – білімді, рухани бай ұрпақтың қолында. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жас буынның рухани дүниесін байыту – баршамыздың ортақ міндетіміз.
«Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген ұлы Абайдың сөзі бүгін де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Кітаппен дос болған жанның ойы терең, рухы биік, келешегі кемел болмақ.


