Сарыағаш ауданының экономикасын дамытып, сәулеттік келбетін айшықтап, өңірдің ажарын аша түсетін жаңа кіреберіс төлқұжат ел игілігіне пайдалануға берілді. Қазығұрт ауданымен шектесетін аумақта бой көтерген бұл нысан ауданның өзіндік келбетін танытып, қонақтарды қарсы алатын маңызды символдық орынға айналды. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Іс-шара барысында ауданның Құрметті азаматтары Әбілқасым Досболов пен Мұстапа Сүлейменов, сондай-ақ Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов сөз сөйлеп, жаңа нысанның аудан үшін маңызы зор екенін атап өтті. Олар бұл бастама Сарыағаштың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен сәулеттік келбетінің жаңаруына серпін беріп, ауданның мәртебесін арттыра түсетінін жеткізді.
Айта кетейік, бұл жоба демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылды. Ауданның көркеюіне бағытталған игі іске Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Алмас Салимов демеушілік жасап, туған жердің дамуына өзіндік үлесін қосты. Жиналған жұртшылық демеушінің өңірге деген жанашырлығы мен азаматтық ұстанымына жоғары баға берді.
Салтанатты іс-шара аясында қатысушылар жаңа нысан маңына ағаш көшеттерін отырғызып, ауданның жасыл желегін көбейтуге атсалысты. Бұл игі іс қоршаған ортаны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың жалғасы болды. Кіреберіс төлқұжат орналасқан аумақ толық абаттандырылып, көше жарықшамдары орнатылған. Сонымен қатар тұрғындар мен қонақтардың жайлы тынығуына арналған орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылған.
Жаңа нысан – Сарыағаш ауданының әлеуметтік-экономикасын қарқынды дамуының, туған жерге деген жанашырлық пен елдік мүддеге қызмет етудің жарқын үлгісі. Бұл сәулеттік кешен ауданның көркін арттырып қана қоймай, өңірдің туристік әлеуетін дамытуға және ауданның жағымды имиджін қалыптастыруға өз үлесін қосады.
Айта кетейік, бүгінде Сарыағаш ауданында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, экономиканы дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осыған орай Ақжар ауылдық округінде ауыз су жүйесі мен медициналық нысандардың құрылыс барысымен қарқынды жүруде. Аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен қарқынын бақылап, жауапты мамандар мен мердігер мекеме өкілдеріне жобаларды белгіленген талаптарға сай әрі мерзімінде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Қазіргі таңда Ақжар елді мекенінде ауыз су инфрақұрылымын дамыту бағытында суқойманы қоршау, диаметрі 110 милиметр және 160 милиметр болатын ауыз су құбырларын тарту, сондай-ақ су құдықшаларын орнату жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін жалпы ұзындығы 30 шақырымға жуық ауыз су құбыры тартылып, 150 дана су құдықшасы орнатылған. Жоба толық аяқталған кезде Ақжар ауылындағы шамамен 7 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Бұған дейін ескірген су құбырлары жоба аясында толық жаңартылады.

Сонымен қатар, ауданның Ақжар және Дихан баба елді мекендерінде жаңа медициналық нысандардың құрылысы жалғасуда. Бүгінде нысандарда кірпіш қалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырып, алғашқы медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді. Аудан әкімі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік-экономикалық маңызы бар жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы басты назарда екенін атап өтті. Аталған нысандар пайдалануға берілгеннен кейін тұрғындардың таза ауыз суға қолжетімділігі артып, медициналық қызмет көрсету деңгейі жақсара түседі.


