Түркістан өңірінде балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және салауатты орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Әсіресе, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың, буллингтің және суицидтік әрекеттердің алдын алу мәселелері ерекше бақылауға алынған. Облыста білім беру ұйымдары, құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет мекемелері бірлесіп, профилактикалық шараларды күшейтіп келеді.
Осыған орай, 2026 жылғы 25 мамыр күні мектеп бітіруші 11-сынып оқушыларының қатысуымен өткен мерекелік іс-шаралардан кейін Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді рейдтік-профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды.
Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасына сәйкес, балалардың қауіпсіздігі — басты назарда. Аталған іс-шараны облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Қалдыкөзұлынан бастап, білім басқармасының ұжымы, аудандық және қалалық білім бөлімдері, білім беру ұйымдарының әкімшіліктері мен құқық қорғау органдарының бірлескен үйлестіруімен өткізілді. Рейдтік іс-шаралардың негізгі мақсаты — жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруінің алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау, сондай-ақ оқушылар арасында құқықбұзушылықтың болдырмау бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды. Түнгі бақылау барысында ойын-сауық орындары, қоғамдық орындар мен көшелерде түсіндіру және алдын алу шаралары жүргізіліп, ата-аналарға жауапкершілік жөнінде ескертулер берілді. Түркістан облысының білім басқармасы ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға, олардың бос уақытын бақылауда ұстауға шақырады. Баланың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Жасөспірімдердің психологиялық саулығын нығайту мақсатында мектептерде психологтар, әлеуметтік педагогтар, сынып жетекшілері және мектеп инспекторларының қатысуымен кешенді жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, қауіп-қатер тобындағы балаларды ерте анықтап, оларға қажетті психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету тетіктері жетілдірілуде. Балалардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуі – қоғамның ортақ міндеті. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижелі болуы ата-аналар, ұстаздар және қоғам мүшелерінің бірлескен жауапкершілігіне байланысты. Түркістанда әр баланың амандығы мен болашағы басты құндылық ретінде қарастырылып, олардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.


