Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды жүруде. Жоғарғы көрсеткіштерге жету жолында аймақта түрлі ірі жобалар қолға алынуда. Соның аясында, Қытайлық инвесторлармен ірі жобаларды жүзеге асыру жұмыстары басталды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында әлемдік деңгейдегі бірқатар ірі компаниялармен келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде өңір экономикасын дамытуға бағытталған жаңа инвестициялық жобалар пулы қалыптасты.
Осы маңызды бастамалардың бірі – Қытайдың мәдени туризм саласындағы жетекші компанияларының бірі саналатын Wuhan Chengye Cultural Tourism компаниясымен жүзеге асырылатын көпфункционалды туристік-ойын-сауық кешенінің құрылысы.
Бүгінде аталған жобаларды іске асыру бойынша нақты жұмыстар басталып кетті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытайдағы бірқатар кәсіпорындар мен туристік нысандарды аралап, инвесторлардың тәжірибесін зерделеп, болашақ жобалардың техникалық және экономикалық мүмкіндіктерін зерттеуде.
Қытайдың Хубэй провинциясындағы Цзинчжоу қаласында орналасқан «Цзинчжоу мұхит әлемі» кешені бүгінгі таңда елдегі ең танымал туристік нысандардың бірі саналады. 500 мың шаршы метр аумақты алып жатқан кешен құрамында мұхит әлемі, әлемде сирек кездесетін ақ киттер, полярлық жануарлар аймағы, аквапарк, балаларға арналған танымдық орталықтар, шытырман оқиғалар саябағы, алып IMAX кинотеатры және түрлі ойын-сауық инфрақұрылымдары жұмыс істейді.
Енді осы тәжірибені Түркістан өңірінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба аясында Түркістанның туристік әлеуетіне тың серпін беретін көпфункционалды туристік кешен салу көзделген.
Соңғы жылдары Түркістан облысы Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан туристік бағыттардың біріне айналды. Жаңа кешен іске қосылған жағдайда Түркістан тек тарихи-рухани орталық қана емес, сонымен қатар халықаралық деңгейдегі заманауи туристік ошаққа айналмақ. Айта кету керек, бұған дейін компания өкілдері Түркістанға арнайы келіп, жобаны жүзеге асыруға қатысты келіссөздер жүргізген болатын. Сондай-ақ Түркістан облысының әкімдігі мен Wuhan Chengye Cultural Tourism арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.
Қазіргі таңда тараптар жобаны іске асыру мерзімдері мен кезеңдерін нақтылап, құрылыс жұмыстарын бастауға қатысты мәселелерді талқылауда. Жүзеге асқан жағдайда бұл кешен Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең ірі отбасылық ойын-сауық және теңіз тақырыбындағы туристік орталықтардың біріне айналады.
Жоба өңір әлеуметтік — экономикасына миллиардтаған теңге инвестиция тартуға, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнестің дамуына серпін беруге мүмкіндік береді. Ең бастысы – Түркістанның халықаралық туристік картадағы беделін күшейтіп, өңірдің жаңа даму кезеңіне жол ашады.
Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі облыс басшысы Нұралхан Көшеровтың қатаң бақылауына алынған. Нәтижесінде, қарқынды жұмыстар халық игілігіне пайдаланатын келіссөздермен ұласуда. Осыған жейін, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында бауырлас өңір саналатын Хубэй провинциясы губернаторы Ли Дяньсюньмен ресми кездесу өткізген. Кездесуде екі өңір арасындағы инвестициялық, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және іскерлік байланыстарды кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланған болатын.
Хубэй провинциясының губернаторы Ли Дяньсюнь өңірлер арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізіп, экономика, ғылым, технология және инновация салаларындағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өткен еді.


