Түркістан облысы Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен өзекті мәселелері қаралды. Мәжіліс барысында ауданның қаржы-бюджет саласындағы ахуалы, даму рейтингі және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар талқыланды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша аудан бюджетінің игерілу барысы қаралып, жоспарланған қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалу деңгейі сараланды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов бюджеттік бағдарламалардың орындалуы жөнінде баяндама жасап, қаржының игерілу қарқыны туралы ақпарат берді.
Сонымен қатар ауданның әлеуметтік-экономикалық даму рейтингісінің көрсеткіштері талқыланып, негізгі индикаторлардың орындалу деңгейіне талдау жүргізілді. Аудан басшысы жауапты сала жетекшілеріне көрсеткіштерді жақсарту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды және межеленген жоспарлардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мәжілісте қаралған маңызды мәселелердің бірі Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесіндегі D және E санатындағы отбасылардың санын азайту бағытындағы жұмыстар болды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Сейілбекұлы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларға тоқталды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі көтерілген мәселелер бойынша нақты тапсырмалар беріп, жауапты бөлім басшыларына көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, бюджет қаражатының тиімді игерілуі және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысы экономиканы әртараптандыру және инвестиция тарту бойынша нақты міндеттер жүктеген. Осыған сәйкес облыс әкімінің тапсырмасымен өңір экономикасына терең талдау жүргізіліп, әр аудан мен қаланың экономикалық ерекшелігі, шикізаттық әлеуеті, өндірістік мүмкіндігі, импортқа тәуелділігі мен ішкі нарық сұранысы жан-жақты сараланған.
Айта кетейік, биылғы алғашқы 4 айда облыстың қысқа мерзімді экономикалық өсімі 125 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған. Бұл жобалар нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сондай-ақ алдағы 5 жылда жалпы өңірлік өнім көлемін 2,6 есеге арттыру, ал өзіндік кірістерді 2,3 есеге ұлғайту жоспарланған. Атап айтқанда, 2025 жылғы 5,1 трлн теңгелік көрсеткішті 2030 жылға қарай 13 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Соның нәтижесінде республикалық бюджетке тәуелділік 40 пайызға дейін төмендемек. 2025 жылы облыстың сыртқы тауар айналымы 3,5 млрд АҚШ долларына жетіп, өсім 34,6 пайызды құраған. Экспорт көлемі соңғы үш жылда 42 пайызға өсіп, 1,8 млрд АҚШ долларына жеткен.
Шикізатты терең өңдеу және қосымша құны жоғары дайын өнім шығару бағытында нақты шаралар қабылданды. Импорт құрылымын талдау нәтижесінде 154 млн АҚШ долларына дейінгі тауарларды өңір ішінде өндіруге мүмкіндік бары анықталды. Импортты алмастыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 176 млрд теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылған. Атап айтқанда, Түркістан қаласында «Lihua» компаниясының жіп иіру фабрикасы, «QazLaminat» ламинат зауыты, «Er Qan» бір реттік ыдыс-аяқ өндірісі және «QazEcoPack» скотч шығаратын зауыты жұмысын бастаған.


