Су – жер бетіндегі барлық тіршілік атаулының негізі. Адам баласы сусыз өмір сүре алмайды. Су ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, энергетикада және тұрмыста кеңінен пайдаланылады. Сондықтан су ресурстарын қорғау және оларды тиімді пайдалану – бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі. Бүгінде елімізде халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Жаңа су құбырлары салынып, ауылдық елді мекендерге орталықтандырылған ауыз су жүйелері тартылуда. Дегенмен кейбір өңірлерде су инфрақұрылымының тозуы, су шығынының көп болуы және шалғай ауылдарды таза сумен қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті болып отыр.
Алайда, Түркістан облысы Отырар ауданындағы шаруаларды ағын сумен жүйелі түрде қамтамасыз ету мәселесі оң шешімін тауып келеді. Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы «Қызыл Ту» насос станциясына арнайы барып, жаңадан орнатылған су айдайтын насостардың жұмысымен танысты.
Бұған дейін аталған станциядағы тозығы жеткен ескі қондырғыларға бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, олар халықтың сұранысын толық қамтамасыз етуге қауқарсыз болып келген еді. Сондықтан бұл мәселе «Қазсушар» РМК басшылығы мен ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің назарына жеткізіліп, станцияға жаңа қондырғылар алу туралы ұсыныс айтылған болатын.
Аудан басшылығының бұл бастамасы қолдау тауып, нәтижесінде станцияға қуаттылығы жоғары 3 жаңа насос сатып алынды. Бұл шара өңірдегі су тапшылығы мәселесін айтарлықтай жеңілдетпек.
Ағын су — Отырар ауданындағы ауыл шаруашылығының күретамыры. Оны тиімді басқару тек егіс алқаптарын суару ғана емес, бүкіл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Аудан басшысы Қайрат Жолдыбайұлы жауапты сала мамандарына жаңа құрылғылардың үздіксіз әрі тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырып, станция аумағындағы қондырғылардың техникалық жай-күйін күнделікті бақылауда ұстау керектігін ескертті. Жаңа қондырғылардың іске қосылуы жергілікті шаруалардың жұмысын жеңілдетіп, биылғы суару маусымының кедергісіз өтуіне септігін тигізеді деп күтілуде.
Айта кетейік, қазіргі таңда әлемде халық санының артуы, климаттың өзгеруі және өндіріс көлемінің ұлғаюы су ресурстарына түсетін қысымды күшейтіп отыр. Кейбір өңірлерде ауыз су тапшылығы байқалса, кейбір жерлерде өзен-көлдердің ластануы экологиялық жағдайдың нашарлауына әкелуде.
Қазақстан да су ресурстары шектеулі мемлекеттердің қатарына жатады. Елдегі өзендердің едәуір бөлігі көрші мемлекеттерден бастау алады. Сондықтан трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және суды үнемдеу саясатын күшейту ерекше маңызды. Су көздерінің ластануының негізгі себептері – өндірістік қалдықтар, тазартылмаған сарқынды сулар, ауыл шаруашылығында тыңайтқыштар мен химиялық заттарды шамадан тыс қолдану және тұрмыстық қоқыстардың су айдындарына тасталуы. Мұндай жағдайлар су сапасын төмендетіп қана қоймай, адамдардың денсаулығына және қоршаған ортаға зиянын тигізеді.
Суды үнемдеу – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың міндеті. Күнделікті өмірде суды орынсыз ағызбау, ақаулы крандарды уақытында жөндеу, су үнемдейтін құрылғыларды пайдалану және табиғатты таза ұстау арқылы біз су қорын сақтауға өз үлесімізді қоса аламыз.
Қорытындылай келе, су – баға жетпес табиғи байлық. Су ресурстарын қорғау, тиімді пайдалану және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – еліміздің тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі. Әрқайсымыз судың қадірін біліп, оны қорғауға жауапкершілікпен қарасақ, келер ұрпаққа мол әрі таза су қорын сақтап қаламыз.

