Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Ерлан Дәкеновпен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен «Цитадель» қамалындағы реставрациялық жұмыстардың барысын зерделеді. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар «Цитадель» қамалының шығыс қақпасы мен шығыс мұнарасы аралығындағы зақымданған бөліктерді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Уақыт өте келе пайда болған жарықтар мен сылақ қабатының бүлінуіне байланысты ғылыми-реставрациялық жұмыстар қолға алынған.

Аталған жұмыстарды «Қазқайтажаңарту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асыруда. Нысанда қауіпсіздік шаралары толық қамтамасыз етіліп, жобаны биыл қараша айында аяқтау жоспарланып отыр. Аралау барысында қала басшысы сала мамандарымен тарихи нысандарды қалпына келтіру жұмыстарының барысы, қолданылып жатқан әдістер мен технологиялар, сондай-ақ ұлттық құндылығымыз болып табылатын ескерткіштердің түпнұсқалық келбетін сақтау мәселелерін талқылады. Қала әкімі реставрация кезінде тарихи нысандардың сәулеттік ерекшеліктеріне аса жауапкершілікпен қарап, әрбір жұмыстың ғылыми талаптарға сай орындалуын тапсырды.
— Түркістан – ғасырлар қойнауынан жеткен ұлы өркениеттің, ұлттық рухымыздың алтын бесігі. Сондықтан қаламыздың әрбір тарихи нысаны мен көне келбетін сақтау – бүгінгі буынның қасиетті борышы әрі келер ұрпақ алдындағы аманаты. Біз тарихи-мәдени мұраларды тек қорғап қана қоймай, олардың бастапқы келбетін сақтай отырып, ғылыми талаптарға сай күтіп-ұстауға ерекше мән беруіміз қажет. Себебі ұлттық мұра – халқымыздың тамыры, тарихымыздың айнасы, мемлекетіміздің рухани негізі. Мемлекет басшысы қазақ халқының рухани құндылықтарының дамуына, ел тарихын сақтау мен ұлттық құндылықтарды ұлықтауға әрдайым басымдық беріп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістанда жүйелі түрде жалғасады. Әрбір жөндеу, қалпына келтіру немесе абаттандыру жұмысы тарихи ескерткіштердің ерекшелігіне нұқсан келтірмей, заң талаптарына және ғылыми сараптамаға сәйкес жүргізілуі тиіс. Біздің басты мақсатымыз – Түркістанның тарихи келбетін сақтап, оны келер ұрпаққа өзгеріссіз жеткізу. Бұл – өткенге деген құрмет қана емес, болашақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан барлық жауапты сала басшыларына тарихи нысандардың жай-күйін тұрақты бақылауда ұстап, олардың сақталуы мен қорғалуына қатысты жұмыстарды сапалы әрі уақытылы орындауды тапсырамын. Түркістанның әрбір кірпіші мен көне мұрасы – қазақ елінің баға жетпес қазынасы,-деді қала әкімі.

Түркістанның ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи келбетін қорғау, құнды ескерткіштерді қалпына келтіру және оларды келер ұрпаққа жеткізу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болмақ. Түркістанның әрбір тарихи нысаны – халқымыздың рухани жады мен ұлттық мұрасының ажырамас бөлігі. Бүгінде олардың түпнұсқалық келбетін сақтап, сапалы қалпына келтіру жұмыстарын тұрақты бақылауда.
Айта кетейік, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы – Қазақстандағы ең ірі тарихи-мәдени қорықтардың бірі. Ол Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі негізінде құрылған және халқымыздың рухани, тарихи әрі мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және насихаттау бағытында жұмыс атқарады.
Қысқаша тарихы
1977 жылғы 28 наурызда «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» ретінде құрылды.
1989 жылы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мәртебесін алды.
2023 жылғы 19 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен еліміздегі музей-қорықтардың ішінде алғашқылардың бірі болып «Ұлттық» мәртебесіне ие болды.
Негізгі міндеттері
* тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және сақтау;
* археологиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;
* музей қорындағы құнды жәдігерлерді есепке алып, сақтау;
* ұлттық мәдени мұраны дәріптеу;
* келушілерге экскурсиялық, танымдық және мәдени-ағартушылық қызмет көрсету.
Музей-қорықтың құрамы
Музей-қорықтың құрамында 46 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Оның ішінде халықаралық, республикалық және жергілікті маңызы бар нысандар қамтылған. Ең танымал ескерткіштері:
* Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
* Рабия Сұлтан Бегім кесенесі
* Қылует жерасты мешіті
* Хан мешіті
* Жұма мешіті.
Қор жәдігерлері
Музей қорында 25 мыңнан астам тарихи құнды жәдігер сақталған. Олардың қатарында археологиялық олжалар, қолжазбалар, этнографиялық бұйымдар, нумизматикалық коллекциялар және ортағасырлық сирек мұралар бар.
Бұл музей-қорық – Түркістанның ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани орталығы саналады. Ол Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеп, қазақ халқының тарихи жады мен мәдени құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізуде ерекше рөл атқарып келеді.


