Бүгін «Керуен сарай» туристік кешенінде қазақ музыкасының көрнекті өкілі, ән падишасы, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын ұлықтауға арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтті. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер саласының қайраткерлері, өңір тұрғындары мен қала қонақтары қатысты. Фестиваль аясында Қазақстанның танымал эстрада өнерпаздары мен жас орындаушылар Шәмші Қалдаяқовтың көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындады. Концерттік бағдарламада «Жігіттер» квартеті, «Melomen», «Сарын» және «Turan Boys» топтары, сондай-ақ Мөлдір Әуелбекова, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева, Досымжан Таңатаров, Әли Оқапов, Ғазизхан Шекербеков, Асқар Жүнісбеков, Қанай, Руслан Ақынбаев, Аяжан Нұрмаханбет, Маржан Ерланқызы, Данияр Барыс, Эльвира Мамытова және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті.
- Баршаңызды қазақ музыкасының мақтанышы, ән падишасы, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалімен шын жүректен құттықтаймын! Шәмші Қалдаяқов – қазақ халқының рухын әнмен асқақтатқан, ұлттық өнеріміздің алтын қорына өшпес мұра қалдырған бірегей тұлға. Оның әндері халқымыздың қуанышы мен мұңын, туған жерге деген сүйіспеншілігін, ұлттық болмысын айқын бейнелейтін мәңгілік туындылар. Сондықтан Шәмші шығармашылығын дәріптеу – ұлттың рухани құндылықтарын, мәдениеті мен тарихын ұлықтау деген сөз. Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы ғана емес, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен дәстүрінің алтын бесігі. Сондықтан киелі өлкеде ұлттық өнерді насихаттайтын, төл мәдениетімізді дәріптейтін мұндай фестивальдердің маңызы ерекше. Бұл – жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіріп, ата-бабадан қалған асыл мұраны келер буынға аманаттаудың жарқын көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық мәдениет пен рухани мұраны сақтау – ел болашағының берік негізі екенін әрдайым айтып келеді. Осы бағытта Түркістан облысында мәдениет пен өнерді дамытуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және талантты өнерпаздарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлініп келеді. «Шәмші әндері» фестивалі де осы игі бастамалардың жалғасы. Мұнда орындалатын әрбір ән халқымыздың рухын көтеріп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге қызмет етеді деп сенемін. Баршаңызға көтеріңкі көңіл күй, өнерге деген шынайы сүйіспеншілік және шығармашылық табыс тілеймін! Еліміздің руханияты өркендеп, қазақ өнерінің абыройы асқақтай берсін,-деді облыс әкімі.
Іс-шара барысында қазақ ән өнерінің алтын қорына енген Шәмші Қалдаяқовтың таңдаулы шығармалары орындалып, көрермен қауымға ерекше рухани әсер сыйлады. Фестиваль композитордың шығармашылық мұрасын кеңінен дәріптеуге, ұлттық мәдениетті насихаттауға және отандық эстрада өнерінің сабақтастығын дамытуға бағытталған маңызды мәдени жоба ретінде жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

«Шәмші әндері» өнер фестивалі түркістандықтар мен қала қонақтарына, өнер сүйер қауымға ерекше шабыт, рухани байлық және көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Көпшілік Шәмші атның әндерін әншілермен бірге шырқап, композиторға құрмет көрсетті.
Өнер – ұлттың рухани коды, ал ұлттық ән – халықтың тарихы мен болмысын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл мұра. Қазақтың ән өнері ғасырлар бойы елдің қуанышы мен қайғысын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын сақтап, бүгінгі күнге жеткізді. Осындай рухани қазынаны ұлықтау – ұлттық тарихты дәріптеудің, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен ұлттық рухты сіңірудің маңызды тетігі. Осы бағыттағы игі бастамалардың бірі ретінде бүгін Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде қазақ музыкасының көрнекті өкілі, ән падишасы, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтті. Қазақ вальсінің королі атанған сазгердің мәңгілік туындылары орындалған кеш ұлттық өнердің қадір-қасиетін айшықтап, төл мәдениетімізді кеңінен насихаттауға арналды. Мұндай мәдени шаралар халқымыздың тарихи жады мен рухани құндылықтарын жаңғыртып, қазақ музыкасының алтын қорын кейінгі ұрпаққа аманат етуге қызмет етеді. Түркістан төрінде өткен өнер фестивалі ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп, халқымыздың бай мұрасын ұлықтауға арналған тағылымды рухани кешке айналды.


