Кентау қаласында Мемлекет басшысы бастамашы болған Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған реформалар мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Соның бір дәлелі – Қарнақ ауылына қарасты Құсшы ата елді мекенінде сапалы көше жарығымен қамтамасыз ету мақсатында Құсшы ата және Ынтымақ көшелерінде көше жарықтандыру жұмыстарының жүргізілуі. Бұл жоба тұрғындардың өтініштері мен нақты қажеттіліктерін ескере отырып жүзеге асырылуда. Көше жарығы – жай ғана инфрақұрылым емес, бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі, балалардың кешкі уақытта еркін жүріп-тұруы, қоғамдық тәртіптің нығаюы және ауыл өмірінің жайлылығы. Халықтың сұранысына дер кезінде жауап беру – халыққа қызмет ететін мемлекеттік басқарудың басты қағидаты.

Жоба аясында жалпы 1 200 метр СИП желісі тартылып, 25 дана темір электр бағанасы орнатылуда. Сонымен қатар, аталған көшелерге 34 дана қуаттылығы 100 Вт болатын жарық шамы қойылып, кешкі және түнгі уақытта көшелердің жарықтандырылуы қамтамасыз етіледі.
Жалпы, Қарнақ ауылындағы Үйрек ата және Бумын қаған көшелерінде де көше жарықтандыру жүйесін орнату жұмыстары жүзеге асырылуда. Жоба шеңберінде 1600 метр СИП желісі тартылып, 23 дана темір электр бағанасы орнатылады. Сонымен қатар, көшелерге 38 дана қуаттылығы 100 Вт болатын жарық прожекторы орнатылып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен қолайлы қозғалысына жағдай жасалады.
Кентау қаласында әрбір елді мекеннің мәселесін кезең-кезеңімен шешу, инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. Өйткені Әділетті Қазақстанның басты өлшемі – әрбір азаматтың әл-ауқатын арттырып, халықтың үніне құлақ асатын, ел мүддесіне қызмет ететін тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру.


