Бүгінде креативті индустрия – тек мәдениет пен өнер саласымен шектелмейтін, жаңа технологияны, инновациялық өндірісті, заманауи дизайнды, кәсіпкерлік бастамаларды және тың идеяларды тоғыстыратын экономиканың маңызды бағыты. Осы тұрғыда Сауран ауданы халықаралық әріптестікті кеңейтіп, жаңа инвестициялық жобалар арқылы аудан экономикасын әртараптандыруға басымдық беріп келеді.
Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен Сауран ауданының делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, Сауан қаласында өзара байланыс пен ынтымақтастықты дамыту бағытында бірқатар маңызды кездесулер өткізді.
Сондай-ақ аудан делегациясы Тарбағатай аумағында өткен «Шыңжаң – Тарбағатай – Бақты» халықаралық форумына қатысып, Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.
Халықаралық алаңда жаңа іскерлік байланыстар орнату, инвестиция тарту, заманауи технологияларды енгізу және бірлескен өндірістер құру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бастамалар Сауран ауданында креативті экономиканың жаңа бағыттарын қалыптастыруға да мүмкіндік береді.
Атап айтқанда, келіссөздер барысында полимерлі жабын материалдарын өндіру, ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар шығару, мал шаруашылығын дамыту және мақтаны қайта өңдеу бағыттарындағы бірлескен жобалар талқыланды.
Мұндай жобалардың маңызы тек жаңа өндіріс орындарын ашумен шектелмейді. Шикізатты дайын өнімге дейін өңдеу, оның заманауи үлгісін әзірлеу, қаптама мен дизайн жасау, жаңа технологияларды пайдалану, өнімді брендтеу және оны ішкі әрі сыртқы нарыққа шығару – креативті индустриямен тікелей сабақтас бағыттар.
Әсіресе, Сауран ауданында өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы жергілікті брендтер қалыптастыруға мүмкіндік мол. Мақта және мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жеңіл өнеркәсіп, тоқыма, киім дизайны, қолөнер және ұлттық нақыштағы заманауи өнімдер өндірісінің дамуына серпін бере алады.
Сауран – тарихи және мәдени мұрасы бай өңір. Сондықтан аудандағы креативті индустрияны дамытуда тарихи мұраны заманауи кәсіпкерлікпен, туризммен, қолөнермен, дизайнмен және жаңа технологиялармен ұштастырудың әлеуеті жоғары.

Осы орайда Қытай Халық Республикасымен орнатылып жатқан жаңа экономикалық байланыстар технология мен тәжірибе алмасуға, жергілікті кәсіпкерлердің жаңа жобаларын жүзеге асыруға, жастардың инновациялық бастамаларын қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
Кездесулер барысында тараптар инвестициялық жобаларды іске асыру, өндірістік кооперацияны жолға қою, тәжірибе алмасу және өзара тиімді серіктестікті дамыту тетіктерін қарастырды.
Бұл жұмыс сапары Сауран ауданы үшін халықаралық инвестиция тартумен қатар, жаңа экономикалық ойлау жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Өйткені қазіргі кезеңде ауданның бәсекеге қабілеттілігі тек шикізат өндірумен емес, сол шикізаттан қосымша құны жоғары, заманауи әрі сұранысқа ие өнім шығара білуімен өлшенеді.
Алдағы уақытта келіссөздерді жалғастыру мақсатында Қытай делегациясының Түркістан облысына сапары жоспарланып отыр. Сапар барысында бірлескен жобалар нақтыланып, өндіріс, ауыл шаруашылығы, технология және креативті индустрия салаларындағы ынтымақтастықтың нақты бағыттары айқындалатын болады.
Сауран үшін бұл – инвестиция тартудың ғана емес, идеяны өндіріске, ұлттық құндылықты заманауи өнімге, ал жергілікті мүмкіндікті халықаралық нарыққа айналдырудың жаңа мүмкіндігі.


