Отырар ауданында тұзды топыраққа отырғызылған көшеттердің жерсіну көрсеткіші 90 пайыздан асты. Бұл тәжірибе «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көгалдандыру жұмыстарын жаңа технологиялармен дамытуға мүмкіндік бермек. Осы бағыттағы озық тәжірибелерді тарату және терек пен гүлді өсімдіктердің көлемін арттыру мақсатында «Терек және гүлді өсімдіктерді өсіру» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Жиын Отырар ауданы мен Арыс қаласының аумағында орналасқан «Түркістан мақта» ЖШС базасында өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, аудан және қала әкімдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков модераторлық еткен семинарда өсімдіктерді өсірудің тиімді тәсілдері таныстырылды. «Түркістан мақта» ЖШС өкілі Ван Сипань терек өсіру тәжірибесімен бөліссе, «ChangAn Group» компаниясының өкілі Рэн Джиабо гүлді өсімдіктерді өсіру жөнінде баяндама жасады. Кездесу барысында мамандар тұзды және шөлейтті жерлерде көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру, оларды дұрыс суару және күтіп-баптау әдістерін түсіндірді. Сонымен қатар көгалдандыру саласына жауапты мекемелердің өкілдеріне жаңа технологияларды тәжірибеде қолдану жолдары көрсетілді. Семинарда сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, әрбір аудан мен қалада тұқымбақтардың жұмысын жандандырып, ағаш және гүл көшеттерін жергілікті жерде өсіруге басымдық беру қажет.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы уақытша науқан емес. Бұл – табиғатқа жауапкершілікпен қарау, елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту және жасыл әрі қолайлы ортаны тұрақты түрде қалыптастыру. Тек дайын көшеттерді шетелден сатып алып, белгілі бір аумақтарға отырғызумен шектелу жеткіліксіз. Басты міндет – ағаш көшеттері мен гүлді өсімдіктерді өзімізде өсіріп, олардың көлемін жыл сайын арттыру, – деді Нұралхан Көшеров. Өңір басшысы көгалдандыру жұмыстарын алдын ала жоспарлау қажеттігін де атап өтті. Оның сөзінше, әрбір аудан мен қала жергілікті климат пен топырақ ерекшеліктерін ескере отырып, өсірілетін ағаштар мен гүлдердің түрін, көшет санын, суару жүйесін және күтіп-баптау тәртібін нақтылауы керек. Бұл жұмыстардың бір реттік шара болып қалмай, тұрақты жүйеге айналуына мүмкіндік береді. Облыс әкімі тұзды топырақта ағаш өспейді деген түсініктің жаңа тәжірибе арқылы өзгергенін айтты. Қытайлық мамандардың осы аумақта жүргізген жұмыстары көшеттердің жерсіну көрсеткішін 90 пайыздан асыруға мүмкіндік берген. Бұл нәтижеге қол жеткізу үшін дұрыс технологияны қолдану мен тұрақты күтімнің маңызы зор. Нұралхан Көшеров аудан және қала әкімдіктеріне көгалдандыру саласындағы жаңа тәжірибелерді енгізіп, нақты нәтижеге қол жеткізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ өңірді көшет және гүлмен қамтамасыз етумен қатар, өнімді өзге аймақтарға жеткізу мүмкіндіктерін де қарастыру қажеттігін айтты. Жиын соңында қатысушылар «Түркістан мақта» ЖШС аумағындағы терек алқабын аралап көрді. Мамандар көшеттерді өсіру, суару және күтіп-баптау ерекшеліктері бойынша тәжірибелік кеңестер берді. Кәсіпорын аумағындағы теректердің жерсіну көрсеткішінің 90 пайыздан асуы аталған әдістің тиімділігін көрсетіп отыр. Енді бұл тәжірибені өңірдің басқа аумақтарында да қолдану көзделуде.

Гүл шаруашылығын дамыту бағытында да ауқымды жоспарлар бар. Түркістан облысында елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру үшін жалпы аумағы 5,37 гектар болатын жылыжай кешендерін құру жоспарланған. Бұл кешендерде 1 миллионнан астам гүл көшетін өсіру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, облыстық орман шаруашылығының тұқымбақтарында 0,87 гектар аумақта қосымша 1,4 миллион түп гүл көшетін өсіру жоспарлануда. Бұл жұмыстар өңірді сапалы көшеттермен қамтамасыз етуге және көгалдандыру көлемін ұлғайтуға бағытталған. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республика бойынша елді мекендерде 15 миллион түп ағаш көшетін отырғызу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Түркістан облысында тиісті жұмыстар жүргізілген. Өңірде осы міндет аясында 1,1 миллион түп ағаш көшетін отырғызу көзделген болатын. Ал 2021–2025 жылдар аралығында облыс аумағында жалпы саны 3 миллионнан астам көшет отырғызылған. Тұзды топырақта көшеттердің жерсіну деңгейін арттыру тәжірибесін кеңінен енгізу өңірдегі көгалдандыру жұмыстарына жаңа серпін бермек. Жергілікті жерде көшет өсіруді дамыту, тұқымбақтардың әлеуетін арттыру және суару технологияларын жетілдіру арқылы Түркістан облысында жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Бұл өз кезегінде «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаттарын жүзеге асыруға үлес қосады.



