Жеті жыл бұрын жаңа Түркістан облысы құрылды. Бүгінде Түркістан тек облыс орталығы ретінде ғана емес, түркі әлемінің рухани мәдени орталығы болып қалыптасты. Биыл Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 7 жыл толып отыр.
Жеті жыл көлемінде өңірімізде ауқымды шаралар қолға алынып, Түркістанның жылнамасында жаңа және жарқын оқиғалар жазылып жатыр. Қасиетті қалада түрлі нысандар бой көтеріп, инфрақұрылымы қалыптасқан жаңа сәулетті шаhарға айналды. Табанды еңбектің нәтижесінде Түркістан қаласында су жаңа заманауи, зәулім ғимараттар салынып, киелі мекеннің келбеті ажарлана түсті, көркейді. Күллі түркі халықтарының астанасы болған Түркістан күн сайын көркейіп келеді. Киелі шаһарға келушілердің де қатары көп.
Осы уақытта Түркістан Түркі әлемінің рухани астанасы атанып, Президенттің бастамасымен көне қалаға ерекше мәртебе атағы берілді. Бұл мәртебелер өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп, қаланың маңыздылығын одан сайын айғақтай түсті. Түркістан өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқынды жүруде.
Бұл туралы Түркістан облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбішов: өңірде туризм, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым мен жолдар, өнеркәсіп және әлеуметтік салалар қарқынды дамып жатқандығын сөз етті.
- Экономиканың басты көрсеткіші — жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есе өсіп, 4,5 трлн.теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнім көлемі 2018 жылдан 2,7 есеге артып, 1 214,0 млрд. теңгені құрады. Өсім негізінен металлургия, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз жасау, құрылыс өнеркәсібі және мұнай өнімдерін өңдеу салалары өнімдерінің артуы есебінен орын алды. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында 2018-2024 жылдары өңірде жалпы құны 56 млрд.теңгеге 37 жоба іске асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны құрылды. Экономиканың маңызды саласының бірі ауыл шаруашылығында өнім көлемі 7 жылда 2 есе артып, алғаш рет 1 трлн.теңгеден асты. Жалпы өндірілген өнім көлемі бойынша республикада көшбастап тұрмыз. Агроөнеркәсіп кешеніне 7 жылда жалпы 700 млрд. теңге инвестиция тартылды,-деді Нұралы Әлмаханұлы. Түркістан облысының экономикасына тартылған инвестиция көлемі 7 жылда 4,2 есеге артып, 1 335,0 млрд.теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2018 ж. 314,1 млрд.теңгені құраған болатын. Жалпы, облыс қыруар жетістіктерге қарқынды қол жеткізді. Бұл жетістіктер Түркістан өңірі ғана емес былай тұрғанда, еліміз үшін үлкен маңызға ие бағдар бола білді. Ортақ тамыры, тарихи, мәдени және ұлттық құндылықтары бар түркі мемлекеттерінің өсіп келе жатқан беделі мен экономикалық қуаты халықаралық және өңірлік ауқымда ынтымақтастықты барған сайын тартымды ете түсуде. Қалада ашық аспан астындағы мұражай, театр, 5 жұлдызды қонақ үйлер қызмет беруде. Түркістандағы жаңа ғимараттар қазақ ұлттық нақыштармен безендірілді.
Түркістан – түркі әлемінің бесігі, рухани астанасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарларының бірінде Түркістанды ата жұртымыздың алтын қазығы деп атап өтіп, өз сөзінде: «Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр», — деген болатын.
Ия, Түркістанның орны қашан да айрықша. Сондықтан, киелі Түркістанды түлету – руханиятымызды, тарихымызды, рухымызды түлету болып табылады.
Түркістан – сан ғасырлық тарихы бар қасиетті мекен, Еуропа мен Азияны тоғыстырып жатқан Ұлы Жібек жолының күретамыры, Қазақ хандығының астанасы болған киелі қала. Түркі жұртының Орталық Азия мен Қазақстандағы теңдессіз тарихи жәдігері – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орын тепкен жер. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап Түркістанды түлету, Түркі халықтарына ортақ рухани орталық дәрежесіне лайықты ету – халықтың арманы әрі мақсаты болатын.
Түркістанда жүздеген хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыз бен ақындарымыздың, әулие-әмбиелеріміздің мазарлары бар. Бір сөзбен айтқанда Түркістан теңдесі жоқ әсем де көрікті әрі аңыз қала.
Сонымен қатар, Нұралы Әбішов Түркістанның өсіп-өркендеуі дәл бүгінгідей қарқынмен жүрсе, болашақта көне шаһардың әлемдік қауымдастықта өзінің нық орнын тауып, күллі түркі дүниесінің абыройын асыратынына зор сенімін білдірді. Түркістан мұсылман әлемінің зиярат ететін киелі жері ғана емес, маңызды тарихи шешімдер қабылданған қазақ хандарының ірі мемлекеттік резиденциясы болған. Түркістанның экономикасы дамып, әлеуметтік сала құрылымдары қарқын алып, әл-ауқаты артып, инвестиция көлемі арта түссін. Күн сайын салтанаты асқан шаһарға тұрғындардың жанашырлығы мен мәдениеті аса қажет екені айтпаса да түсінікті. Тұрғындардың тазалығы тұтас қаланың тазалығына әсер ететінін естен шығармасақ, ел игілігі үшін атқарылған жұмыстардың болашағы баянды болмақ. Жыл басынан бері жүргізілген жүйелі жобалар да өз нәтижесін беріп, жаңғырған қаланы жаңа белеске шығарады деп сенеміз.